12.05.2023, 14:30
Оқылды: 52

БҚО әкімі: "Жан-жақты зерттеу жүргізілуі тиіс"

Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиев  Казталов ауданына жұмыс сапарымен келді. Өңір басшысы аудандағы «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватымен, материалдық-техникалық базасы және киіктерді сақтап қалу мақсатындағы жүргізіліп жатқан жұмыспен танысты.

20230512062456_IMG_7388

2022 жылдың шілде айында ҚР Үкіметінің қаулысымен киіктердің ауыл шаруашылығына тигізетін зиянын азайту және ақбөкендердің Орал популяциясының мекендеу аумағын сақтау мақсатында Батыс Қазақстан облысында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты және Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалы құрылған болатын.

20230512062032_IMG_7363

Қазіргі таңда резерватта 100-ге жуық қызметкер мен мемлекеттік инспекторлар аталған мақсатта қызмет атқарып жатыр. Мақсаты айқын мекенің материалдық-техникалық базасы да мемлекеттік бюджет есебінен және халықаралық, отандық ұйымдардың демеушілігімен толықтырып, жаңартылып отыр.

20230512054906_IMG_7334

-«Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының жалпы аумағы 657 мың гектарды құрайды. Оның ішінде резерват 343 мың гектарды, ал «Ащыөзек» қаумалы 314 мың гектарды алып жатыр. Резерват аумағында шамамен 400 мың бастан бастап, 1 млн-ға жуық киікті шоғарландыруға мүмкіндік бар. Шоғырландырудың бірден-бір жолы құдықтар қазу арқылы сумен қамтамасыз ету. Бүгінгі күнге дейін резерват аумағында құдық қазу мақсатында жер асты суларына зерттеу жүргізіліп, қоры анықталды. Алдағы уақытта 10 құдық қазу жоспарымызда бар. Бұдан бөлек киіктердің биологиялық ерекшеліктерін зерттеу мақсатында отандық және шетелдік ғалымдарымызбен бірге зерттеу жүргізіп жатырмыз. Жуырда жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау жөніндегі Бонн конвенциясының өкілдері келуі жоспарлануда, - деді «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Ұлан Мамырбаев.

Облыс әкімі резерваттың материалдық-техникалық базасымен және атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, бірқатар тапсырма берді.

20230512061606_IMG_7357

-Біз киіктерді сақтап қаламыз деп халықтың да ұсыныстары мен пікірін назардан тыс қалдырмауымыз керек. Осы уақытқа дейін киіктердің өлекселері, олардың мүйіздері, киік етін пайдалану мәселелеріне қатысты бірқатар ұсыныс айтылды. Бұл зерттеуді жүргізіп жатқан ғалымдармен бірге талқыланып, жан-жақты зерттелуі тиіс. Киікті де сақтап қалып, ауыл шаруашылығының да дамуына кедергі келтірмеген жөн, - деді облыс әкімі.

Өңір басшысы өз сөзінде резерват аумағында терек отырғызу мәселесінің де өзектілігін атап өтті. Өйткені, теректердің болуы дала жануарына қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етпек.

 

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале