Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиев Сырым ауданына жұмыс сапарымен келді. Өңір басшысы алдымен Шолақаңқаты ауылдық округінде болып, Аңқаты өзеніндегі су қоймасымен танысты.
Округ орталығы Тоғанаста спорт алаңы салынды. Округтің Тоғанас, Құспанкөл, Аңқаты, үш елді мекені ауыз сумен қамтылады. Су құбырларын тарту құрылыс жұмыстары аяқталу сатысында. Шілде айында халық ауыз су беріледі жоспарлануда. Су құбырларын тарту жұмыстарын "Сәт-Сервис" ЖШС жүргізуде.
Тоғанас ауылына кіре берістегі 12 км жол жөндеу жұмыстары басталып жатыр. Жол жөндеуге мердігер "Ануш" ЖШС кірісті.
Кезінде аты республикаға танымал болған болған ауыл заманмен жасарып, жайнап, жаңа кейіпке еніп келеді. Облыс әкімі Ғали Есқалиев табиғаты тұмса, жері құнарлы, шөбі шүйгін, оты мол, суы тұнық округтің игілігін пайдалануға инвестор тарту қажеттігін айтты.
***
Аудан орталығына келген облыс әкімі Ғали Есқалиев Жымпиты ауылында жөнделіп жатқан ауылішілік жолдардың құрылысымен танысты. "Жұмыспен қамту жол картасы" аясында Қазақстан, Досмұхамедов, Жұмалиев, Байжанов, Мендалиев көшелерін орташа жөндеу жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары үстіміздегі жылдың 5 мамырында басталды, қазіргі уақытта автомобиль жолдарындағы ескі қатты жамылғылары алынып тасталды. Жолдың тегістеу, қыру жұмыстары жүргізілуде. Қажетті құрылыс материалдары Орал қаласынан тасымалдануда. Келісімшарт бойынша аяқталу мерзімі – 2020 жылдың қараша айы. Жөндеу жұмыстарының құны 224,5 млн. теңге.
Жөндеу жұмыстары аясында 62 жұмыс орны ашылу қажет болса, бүгінде 21 жұмыс орны ашылды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекке 7 адам тартылды. Өңір басшысы барлық жұмысты зертханамен келісіп атқару, мемлекеттік қадағалаудан бөлек қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырды. Жол құрылысының сапалы жүргізіліп, мүмкіндігінше ыждағаттауына қоғамдық өкілдердің араласуы қажеттігін айтты.
***
Облыс әкімі Ғали Есқалиев орталық алаңның абаттандырылу жұмыстарын көрді. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев орталық алаң халық демалатын орынға айналатыны туралы мәлімдеді.
Ғали Нәжімеденұлы халық демалатын алаңды эстетикалық жағынан абаттандырып, көгалдандыруды жоғары деңгейде жүргізу қажеттігін, орындықтар қойып, көрік-келбетіне аса мән берген жөн екенін айтты. Мұнда да кәсіпкерлерді шоғырландырып, сауда нүктелерін ұйымдастырып, жұмыс орындарын ашу туралы аудан әкіміне тапсырды.
Бауыржан Ширмединұлы
Шынар Молданиязова
zhaikpress.kz