2023 жылдың соңында облыстық сайлау комиссиясы облыстық мәслихаттың шешімімен, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсынысымен жаңадан құрылған болатын. Оған жергілікті мәслихат депуттары да дауыс берген еді. Сайлау комиссиясының құрамы 5 жыл сайын өзгеріп, оған 7 мүше сайланады.
Бүгін Бөрлі ауданына Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов пен БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мағрипа Нығышева келіп, аудандық сайлау комиссиясының құрамымен танысты.
Кездесу аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов пен аудан әкімі аппаратының басшысы Ерік Төлепқалиевтің қатысуымен өтті.
Бүгінгі кездесудің мақсаты танысу және алдағы уақыттағы жұмысты анықтау болды.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Қаржауов кездесуде аудандық сайлау комиссиясының 2023 жылы атқарған жұмысын баяндады. Жиын барысында қонақтар аудандық сайлау комиссиясының атқарып жатқан жұмысымен танысып, ұсыныстарын тыңдады.
Қазіргі таңда елімізде аудан және ауыл әкімдері халықтың дауыс беруімен анықталады. Біздің ауданымызда да Ақбұлақ, Достық, Успен, Приурал және тағы басқа ауылдық округ әкімдерін халық өздері сайлаған болатын. Биыл ауданымызда тек бір, яғни Бумакөл ауылдық округі әкімінің сайлауы өтетіні туралы да әңгіме қозғалды.
- Өткен жылдың аяғында облыстық сайлау комиссиясының құрамына 5 жыл толып, кезекті жаңа сайлау комиссиясының құрамы сайланған болатын. Мен «AMANAT» партиясының кеңесімен сайлау комиссиясының құрамына ұсынылдым. Сайлау комиссиясының 7 мүшесі анықталғаннан кейін, олар өз араларында төраға, орынбасар және хатшыны сайлайды. Содан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы ретінде мен тағайындалдым. 3 қаңтардан бастап жұмысымызға кірістік. Қазіргі уақытта барлық ауданды аралап, жергілікті аудандық аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерімен танысып жүрмін. Олардың орналасқан орындарымен, сайлау комиссия мүшелерінің жеке өздерімен танысудамыз. Бүгінгі кездесуде аудандық сайлау комиссиясының орналасқан орны, келесі кезекті сайлауларға дайындығы, халықпен жұмыс істеуін талқылап, халықтың арасында сайлау мәдениетін дамытып, жергілікті атқарушы органдармен әріптестік негізде жұмыс істеу бағытында көптеген мәселе қозғалды. Бұл мен келіп отырған жетінші аудан. Келесі аптада оңтүстік аудандарға қарай жолға шығамыз. Аудандарды аралап болғаннан кейін қорытынды жасалып, айтылған ұсыныстарды зерттеп, ары қарай жұмыстанамыз, - дейді Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Тауфикұлы.
Сайлау комиссиясының құрамындағы тек үш адам ғана тұрақты түрде жұмыс істейді. Олар төраға, төрағаның орынбасары және хатшы. Қалған 4 мүше тек сайлау кезінде ғана жұмылдырылады. Олардың міндеттері сайлаушылардың тізімін жасақтау, сайлау учаскелерінің қай жерде орналасқанын, сайлау округтері мен шекараларын белгілеу, және т.б. Сонымен қатар алдағы уақытта сайлау комиссияларының қызметі және учаскелік комиссиялардың жаңадан сайланған мүшелерін оқыту туралы семинарлар өтетіні де атап өтілді.
Кездесу соңында қонақтар аудандық сайлау комиссиясына Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығына арнайы шығарылған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР-ның Конституциялық заңына түсіндірме» және «2012 жылғы ақпан мен 2023 жылғы қараша аралығындағы кезеңде ҚР-дағы болған сайлаулар мен референдумдар туралы ақпараттық жинақ» атты кітаптарды аудандық сайлау комиссиясына табыстады.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz