3.12.2025, 18:00
Оқылды: 59

БҚО-да Агробизнес-орталығы ашылды

Бүгін Бөрлі ауданының Пугачево ауылында «Batys AgroHub» әлеуметтік жобасы аясында құрылған алғашқы Агробизнес-орталығының салтанатты ашылуы өтті.

агробизнес центр (2)

Орталық фермерлерге заманауи шаруашылық жүргізу әдістерін үйренуге, жаңа агротехнологиялармен танысуға, агрономдардың қызметін алуға және жылыжай шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналмақ.

Ашылу шарасы «Агробизнес. Даму. Инновация» форумының негізгі бөлігінің бірі болды. Форумға Батыс Қазақстан облысы мен Бөрлі ауданы әкімдіктерінің өкілдері, Бөрлі ауданының әкімі Е. Ихсанов,   халықаралық компаниялар, салалық сарапшылар және жоба қатысушылары қатысты.

Қонақтар үшін фермерлік өнімдердің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындарға жоба қатысушылары өсірген жаңа піскен көкөністер мен өңделген өнімдерді сатып алу мүмкіндігі ұсынылды.

агробизнес центр (4)

Орталық Азия Евразиялық қоры (Бұдан әрі ОАЕҚ) тарапынан, КПО Б.В. консорциумы акционерлері – «Шелл Қазақстан» және «Эни» компанияларының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Batys AgroHub» жобасы өңірде алғашқы рет Бөрлі ауданында жүзеге асырылып жатыр.

Жоба бір жыл ішінде нақты нәтижелер көрсеткен. Бүгінде жобаға 25 ауыл тұрғыны қатысып, арнайы курс, оқудан өтіп, өздерінің жылыжайларын салуға гранттық қолдау алған. Алғашқы он фермер маусымды шамамен 20 тонна жаңа піскен өнім және 10,5 миллион теңгеден астам табыспен сәтті аяқтаған. Олар алған өнім аудандық жәрмеңкелер де ұсынылып, тұрғындар арасында сұранысқа да ие болып отыр.

«Бөрлі ауданы өндірісті қала. Бір ғана Қарашығанақ кен орынының өзімен-ақ танымал. Тұрғындардың басым бөлігі осы кен орынында жұмыс жасайды да, жасыратыны жоқ ауылшаруашылығы жағы баяу дамуда. Сол себепті де келісімді ұйғарыммен осы жобаны қолға алып бастап кеттік. Қазірге дейін осы 1 жыл ішінде 25 тұрғын қатысып, өз еңбектерінің жемісін көруде. Алдағы уақытта бұл санды көбейтіп 40-қа жеткізу ойда бар.

Жазда фермерлер Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына тәжірибе алмасу мақсатында сапарлап барып, сол жақтағы табысты шаруашылықтардың жұмысымен танысып қайтты. Бүгінгі біздегі форумға ол жақтан да келіп, «Сіздер біздерден де жақсы көрсеткіште екенсіздер» деп өз бағаларын беруде», - деді КПО B. V компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев.

Алдағы 3 жылда қолдаушылар 40 фермерді оқытып және заманауи практикалық дағдылармен қамтамасыз етіп, толық циклді сервис орталығы бар аграрлық инфроқұрылымды қалыптастыруды көздеп отыр. Сондай-ақ ірі нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін кооперативтік серіктестікті дамыта отырып, фермерлердің табысын арттыру және отбасыларының тұрмыс сапасын жақсаруна үлкен нәтижесін береді деп отыр.

Агробизнес-орталығының ашылуы – жобаның дамуындағы маңызды қадам. Енді Пугачев ауылында оқу аудиториялары мен конференция залы, демонстрациялық учаскелер, өнімді сұрыптап қабылдайтын орын, сондай-ақ алдағы уақытта сақтау мен өңдеуге арналған алаң жұмыс істейді. Орталық өнім түрін кеңейтуге, заманауи агротехнологияларды енгізуге жол ашпақ.

Ауылдық елді мекен үшін мұндай нысан – жаңа инфрақұрылым ғана емес, сонымен бірге ұзақ мерзімді ресурс: жаңа жұмыс орындарының пайда болуы, жергілікті өндірістің күшеюі және азық-түлік тұрақтылығының артуы.

«Агро бизнесті дамыту жалпы ойымда, арман болып жүрді десем де болады. Бірақ қалай бастаймын? Деп іштей жүрексініп жүрген кезімде осы жоба алдымнан шыға келмесі бар ма? Қуана қатысып, грант ұтып алдым. Ешқашан өкінбеймін. Ырыздық, несібе деп жатамыз ғой, сол менің өміріме осы еңбегіммен келді дер едім. Неге десеңіз, шүкір мен ойлағаннан да еселеп жемісін көрудемін. Мысалы 4 тонна 800-дей қияр өнімін алдым. Бала-шаға, туғандар дегендей бәріне үлестіп, ризалап (күліп), сатылымға да шығарып, шыны керек қарық болдық. Ойланып жүргендер болса, ниеттеніп бастап кетсін дер едім», - дейді фермер Алтынбек Жұмақаев.

агробизнес центр (5)

Іс-шара жобаның белсенді қатысушыларын марапаттаумен аяқталды. Марапаттан кейін фермерлер форумның білім беру бағдарламасына қатысып, заманауи агробизнестегі үрдістер, жылыжай шаруашылығындағы инновациялар, мемлекеттік қолдау шаралары және ауыл кәсіпкерлігінің практикалық тәжірибесі жөніндегі дәрістер мен пікірталастарға қатысты.

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

агробизнес центр (1) агробизнес центр (3)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале