«Бабалар ізімен» жобасы аясында көрнекті әнші, композитор, Қазақстанның Халық артисі Ғарифолла Құрманғалиевтың 115 жылдығына орай Қаратөбе ауданындағы Ғ.Құрманғалиев атындағы мәдени-демалыс орталығында «Мөлдір бұлақ» әуесқой дәстүрлі ән орындаушылар мектебінің ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты жиынға өнер саласының ардагерлері мен қызметкерлері, ауыл тұрғындары және дәстүрлі ән өнеріне жаңа аяқбасқан мектеп оқушылары қатысты.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев «Мөлдір бұлақ» әуесқой дәстүрлі ән орындаушылар мектебінің ашылуына сәттілік тілеп, ән мен жырдың асқақ дарындары Мұхит пен Ғарифолла есімдерін кейінгі ұрпаққа жалғастырушы жас өнерпаздардың қатары көбейе берсін деген тілегін жеткізді.
–Біздің ауданымыз дәстүрлі ән өнерінің отаны десем де артық емес. Күні кешеге дейін ауданнан осы дәстүрлі әнді насихаттаушы көптеген аға-апамыз шықты. Енді сол дәстүрлі әнді қалай жалғастырамыз? Кейінгі келе жатқан жас ұрпақ осы өнерді әрі қарай қалай алып кетеді? деген ойлар келген болатын. Сол бағытта мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі арқылы дәстүрлі ән өнерін дамыту бағытында жұмысты ұйымдастырып жатырмыз. Соңғы кезде осы дәстүрлі ән өнерін орындаушылар қатары ауданда азайып бара жатырған жайы бар. Бұл - жақсы бастама. Ұйымдастырылған шараға қатысқалы отырған біздің жас ұрпағымыз дәстүрлі ән өнерін әрі қарай дамытады деп есептеймін.
Жұмысын жаңа бастағалы отырған мектебіміздің жұмысы алға бассын. Аталған мектептің әрі қарай дамуы үшін қолдау білдіремін, - деді Қадыржан Орынбасарұлы.
Салтанатты шарада сөз алған еңбек ардагерлері, зейнеткер Бейбіт Сағынғалиев, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің және аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы, ауданның «Құрметті азаматы» Мәулен Қожахметов және дәстүрлі ән өнерін насихаттаушы, әнші-термеші Рысқали Исмурзин «Мөлдір бұлақ» әуесқой дәстүрлі ән орындаушылар мектебінің ашылуымен құттықтап, осы мектептің шәкірттеріне талай белесті бағындырар талантты, талапты азамат болыңдар, дәстүрлі ән өнерінің биігіне шығыңдар деген жылы лебізін білдірді.
–Мінеки бүгін ауданда осындай мектептің ашылғанына куә болып, қуанып отырмыз. Осы жаңа менің алдымда сөз алған ағаларымыз айтып кетті. Мен солардың сөзіне қосыламын. Дәстүрлі ән кенжелеп қалды. Елдің перзенті болғаннан кейін жанымызға бататыны сөзсіз. Біз бала кезімізден осы ауданнан шыққан дәстүрлі ән орындаушы ағаларымыздың әндерін тыңдап өстік. Әнші деген осындай болады екен ғой деп тамсанатын едік. Бүгін қолдарына домбыра ұстаған балғындарды көріп тағы бір қуанып отырған жайымыз бар. Осы балалардың арасынан талай жұлдыз шығады. Мұхит, Ғарифолла әндерін дәріптейді деген сенімдеміз.
Ең бірінші «Мөлдір бұлақ» әуесқой дәстүрлі ән орындаушылар мектебін ашуға бастама көтеріп жатқан мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне, осы бастамаға қолдау білдіріп, сол балалардың болашағына үлкен сенім артып жатқан аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлына рахмет айтамыз.
«Мөлдір бұлақ» әуесқой дәстүрлі ән орындаушылар мектебінің бірінші сабағының қатысушылары ынталансын деген мақсатта берілген үй тапсырмасын үздік орындаған он оқушыға өз атымнан әр қайсысына он мың теңгеден жүз мың теңге ақшалай сыйақы тағайындаймын. Сонымен қатар қазақтың қай үйінің төрінде домбыра тұратыны белгілі. 2014 жылы Армат інім Алматыға іссапармен барғанда ұсыныс жасап, сол жақтың шеберлеріне бір домбыра жасатып әкелші. Өзім термеші болмасам да төрімде тұрсын. Өнердегі ағаларымыз, інілеріміз келіп домбыра сұрағанда ұятқа қалмайын деген оймен домбыра алдыртқанмын. Мен сол домбыраны бүгін ала келдім. Осы домбыраны он үздік оқушының ішінен ең үздік оқушыға табыс етіңіздер деп аманаттап отырмын, - деп Жандос Орынбайұлы домбыраны үздік оқушыға табыстауды тапсырды.
Салтанатты жиын Сабырғали Исмурзин, Махамбет Әжіғалиев, Еркебұлан Олжағалидың орындауындағы «Термешілер шеруі», Нұртас Сафуллиннің орындауындағы «Ақкербез» әні және Кенжегүл Малдуованың орындауындағы «Елім-ай» сазды сәлемдерімен жалғасты.
Бекжан Қойшекенов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz