Адам баласына, соның ішінде жоқ жітік, көпбалалы отбасыларға жақсылық жасаудың сауапты іс екенін баршамыз білеміз. Қолда барды «өзімде болсын» дей бермей, тарыққанға көмек ретінде ұсына білген адамды халқымыз бағзыдан «атымтай» деп атап, даладай дархан пейілі, жайсаңда, мейірімді мінезіне нұсқағандай. Әр уақытта демеушілік танытып, айналасындағыларға азық-түлік таратып, балалардың оқу құралдарына қаражатпен септесткендерді, ауылдың көркеюіне қаражат бөліп, медегендер туралы газет бетінде де, әлеуметтік желі парақшаларында жарияланып келеді. Әрине, жақсылыққа себеп болғандарды насихаттау әбестік емес, айтса, айтуға тұратын істер атқарылып жатыр. Ал бір өзі қос бірдей ауылға қарайласып, жерлестеріне сүйеу боп отырған жомарт азамат жөнінде жазбай кетуге әсте болмайды.
Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері – жас болса да, Ақжайық ауданының Қурайлысай және Есенсай ауылдық округінің халқының сеніміне ие болып, тұрғындар өздері таңдаған аудандық мәслихат депутаты Әлішер Мағзомов.
Әрегіректен сөз бастайық. Әлішердің туған жері – Ақжол ауылдық округіндегі Ілбішін ауылы. Осындағы Қаршы мектебінің түлегі. Заңгер, есепші, қаржыгер сынды мамандықты таңдайтын көп жастан оны ерекшелеген тұс – мектепті тәмамдасымен көп ойланбастан, ауылға қажет мамандық ветеринарлыққа оқуды жөн көріпті. Жоғары оқу орнын аяқтап шыққан су жаңа ветеринардың жұмыс орны туған ауылынан алыс та емес, Жайықтың сол жағалауындағы Есенсай ауылы. Осында мал дәрігері болып еңбек еткен ол көп ұзамастан Қурайлысай ауылдық округіне телім меңгерушісі қызметіне ауысады. Бұқар беттегі қос округтің жұртына етене таныс болғасын, қызметімен көңілдерінен шыққасын ғой, депутат болып сайланғаны да.
Халық қалаулысы ретінде бірден қолға алған жұмысы – ол Есенсай мен Қурайлысайдағы ағайынмен жүздесуді кейінге қалдырмай, әр елді мекенде аяқтай болып, көзбе-көз тілдесіп, өтініш-тілегіне қанықты. Анығырақ айтсақ, сайлаудың алдында берген уәдесін орындауға кірісті.
Уәде орындалуымен, жұмыс нәтижесімен құнды. Депутаттың ісі мен сөзінің бір жерден шығатыны көп ұзамай-ақ көрінді. Жуырда ол Қурайлысай ауылдық округінің Сайқұдық ауылындағы жалғызбасты ана Үміт Ғатауоваға қол ұшын созып, баспанамен қамтамасыз етті. Үйінің әбден тозығы жеткен тұрғынның жай-күйін өз көзімен көрген Әлішер көп ойланбады, өз қалтасынан қаражат шығарып, бос тұрған үйлердің бірін сатып алып береді. Жалғыз бұл ғана емес, жас депутаттың сауапты ісі. Есенсай ауылында салынып жатқан саябақтың құрылысына 2 миллион 200 мың теңгемен қолғабыс еткен де Әлішер.
«Ашыққанға балық берме, қармақ бер» деген, аз ғана уақыт алаң көңілді сейілтетіндей етіп, азық-түлік таратпай-ақ, Ә. Мағзомов жерлестерін кәсіпке кірісіп, малдануына сеп болды. Өткен айда ғана Есенсай ауылындағы жағдайы төмен екі отбасының қорасына 14 бас қой кіргізді. Техника жалдап, жекелеген тұрғындардың күл-қоқыстарын шығаруға да қол ұшын созған осы кейіпкеріміз. Кеңсуат ауылында спорт алаңының салынуына мұрындық болып, Сайқұдықтағы көпірді жөндеу жұмыстары қолға алынды. «Ақжайық» шипажайында ем алып, денсаулығын нығайтып келген Есенсайдағы ауыл үлкенінің де кең жүректі жасқа алғысы зор.
«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген дана халқымыз. Үлкендердің алғысын алған азаматымыздың жомарттығының арқасында есенсайлық үш отбасының балалары тосын жерде қуанышқа бөленді. Оларға Әлішер велосипед тарту етті.
Адамға жақсылық ету, қайырымдылыққа кез келген жан әуес емес, керісінше жиған үстіне жиып, байыған үстіне баюға ынтық. Ал біздің кейіпкер ше?! Ол жақыныңа жәрдемдессең, қайтарымы он есе болатынына сенімді. Әлішердің өзі қазір ата-баба кәсібі, мал шаруашылығына бет бұрған. Жас шаруа мемлекеттік бағдарламамен несие алып, қазақтың ақ бас тұқымды сиырлары мен еділбай қойын өсіреді. Осыдан тура үш жыл бұрын Есенсай ауылдық округіндегі Ақшкөл қыстағынан ашқан «Алаша» шаруа қожалығының жұмысы қазір қарқын алып келеді. Қарамағындағы сегіз қызметкер уақытында еңбекақыларын алып отыр, қыстақтың басында олардың алаңсыз шаруа етуіне бар жағдай жасалған. «Малдың баққанға бітеді» демекші, шаруашылықты ілгерілетудегі әр белес, мал басының көбеюі күні-түні бел жазбай қызметте жүрген жұмысшылар мен бағыт бағдарын дұрыс ұстанатын басшының арқасы екені анық.
– Әлішерді халықтың өзі сайлады. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының атынан кандидатурасын ұсынған бойда-ақ алғырлығына, іскерлігіне куә болған ауылдастар өз даусын соған беруді ұйғарды. Таңдауда қателеспеді. Қазірдің өзінде ол өзінің елге бүйрегі бұрып тұратын азамат екенін ісімен дәлелдеді. Саябақты жасақтауға көмектескен ол енді балалар ойын алаңын жарықтандыруды да қолға алып жатыр. Алдымен ауыл-елдің амандығын түгендеп жүреді. Шаруасымен жолыққан ауылдастармен еркін сөйлесіп, ағайынындай қолдауға әзір, – дейді Есенсай ауылдық округі әкімі Ілияс Баймұратов. Әріптесінің бұл сөзіне Қурайлысай ауылдық округінің әкімі Орынбек Жапашев та қосылады.
– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме халқымыз?! Әлішердің ауылдастарға қолғабыс етуге әманда әзір тұратынын айтқым келеді. Оның әр ісінен үлгі алып, кейінгі буынның да осындай елжанды болуға, қайырымдылыққа талпынары анық. Біздің бұл жігітке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Түрлі шараларда демеуші болып, жалғызбасты анаға баспана сыйлап қуантты. Округіміз орталығындағы кешқұрым жарқыраған көше шамдарының орнатылуына да ықпал етті, – дейді ол.
Әрине, ел үшін атқарған жұмыс елеусіз қалмайды. Әлішер облыс әкімінен «Ауыл шаруашылығы үздігі» дипломын алса, аудан әкімі, округ әкімдерінің талай мәрте алғыс хатымен марапатталған. Биыл ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеевтің атынан «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар ол облыстық «Орал өңірі» газеті мен аудандық «Жайық таңы» газеттерін ауылдастарына тегін жаздырып, алып береді. Өзі де ауданымыздың төл басылымының тұрақты оқырманы екен.
– Қайырымдылықтың он есе қайтарымы болады. Біреуге жәрдемдессем, сол азамат менің амандығымды тілеп, алғысын жаудырып, батасын береді. Оны жария етуге өз басым құлықты емеспін. Алайда жақсылыққа қуанған ел бір-біріне айтып, әлеуметтік желіде көрініс табуда. Ауыл-елде көмекке мұқтаж жандарға қолдан келгенше көмектесу – біздің азаматтық борышымыз. Оның үстіне мемлекетімізде ауылдық елдімекендердің ахуалын жақсартуға жақсы ден қойылуда. Түрлі бағдарламалар арқылы грант пен несие алып, кәсіпке зейін қойған ауылдастар көбейіп келеді. Бұл істе тек мемлекет қана емес, шаруасы түзелген азаматтар да бой көрсетуге тиіс деп ойлаймын. Әлі де ауылдағы ағайын үшін талай істер жасалады деген ойдамын, – дейді жас депутат.
Әсет Бисенғалиев,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz