Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында өмірден ерте кеткен самбо күресінің шеберлері Қазбек Ибрашев, Ерлан Әлиев, Ерболат Ихсанов, Бейбіт Нәсіпқалиев, Қайыржан Саргелеков, Тілекқабыл Қуанышәлиев, Жұмажан Ескендіров, Қабдолла Ізімовтарды еске алуға арналған самбо күресінен 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер және 2000-2005 жылғы жастар арасында қазақ күресінен облыстық турнир өтті.
Дүбірлі додаға Орал қаласындағы жауынгерлік және жекпе-жек спорт мектептерінен Бәйтерек, Қаратөбе, Тасқала мен Теректі, Жәнібек, Жаңақала аудандарынан, сонымен қатар аудандық жасөспірімдер спорт мектебінен, Тайпақ ауылынан балғын балуандар қатысты.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Мирболат Нұржанов, Тайпақ спорт мектебінің басшысы Әсет Ғабдулов, округ әкімі Болат Шәленов жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұл жарыста өз салмақ дәрежелерінде Тасқала, Қазталов аудандары мен Ақжайықтың намысын қорғаған спортшылардың мерейі үстем болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Тайпақтың түлегі, самбо күресінен әлемнің төрт дүркін чемпионы Ерболат Байбатыров дипломдар мен сыйлықтар табыстады.
Өмірден озған спортшылардың ағайындары, замандастары айтулы спорт бәсекесін ұйымдастырған жандарға алғысын арнады.
Асыл Қайрат,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz