Зеленов ауданы орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен «Менің елім» монументі салтанатпен ашылды.
«Менің елім» монументінің биіктігі – 14 метр. 18 млн. теңге демеушілер қаражатына салынған. Монумент авторы – Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Ерғали Бекешев.
Зеленовтықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаған облыс әкімі Алтай Көлгінов кәсіпкерлерге алғысын білдірді.
- Биыл Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялады. Бағдарлама аясында көптеген мазмұнды шаралар атқарылды. Бүгінгі ашылған «Менің елім» монументіне мемлекеттен қаражат жұмсалмады. Бәрі кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асты. Бұл Алаш қозғалысының 100 жылдығы, Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығы аясындағы іс-шаралар. Кәсіпкерлерімізге ризашылығымызды білдереміз. Себебі бұл жас ұрпаққа үлкен өнеге. Бұл жерде халықтың да қолдауы бар, - деді Алтай Сейдірұлы.
Ал спорт кешенінің лентасын облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар мен спорт ардагері Иван Юнусов қиды.
Дене шынықтыру кешенінің құрылысын «Уральскстройинвест» ЖШС жүргізген. Облыстық бюджеттен қаржыландырылған бұл жоба құны – 281,2 млн. теңге. Аумағы 1,2 мың шаршы метр ғимарат 6 айда салынған.
Кешеннің ашылуымен құттықтаған облыс әкімі Алтай Көлгінов ел-жұрттың сұрауымен салынған нысанға облыстық бюджеттен қаражат бөлінгенін айтып өтті.
Шараға арнайы келген олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов: «Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығы қарсаңында кешеннің ашылуымен аудан жұртшылығын құттықтаймын. Осындай спорт нысандары көп жерде ашылып жатыр. Бұның бәрі бейбітшіліктің арқасы. Ауданның жас спортшылары ел үмітін ақтап, чемпион болады деген сенімдемін» деп аудан халқына игі тілегін арнады.
Салтанатты шарадан соң қазақ күресінен турнир өтті.
«Жайық Пресс»
суреттер Айбатыр НҰРАШТІКІ