23.01.2024, 10:00
Оқылды: 50

БҚО-да тазылар сынға түсті

Тасқала ауданында тазылар сынға түсті. Облыстық жарысқа таза қанды 25 тазы қатысты.

1accd5b1-6a69-4c15-b567-7bb21a22c801

- Асыл тұқымды тазылардың сайысы Тасқала топырағында биыл 6-мәрте өткізілуде. Алғаш рет 2017 жылы «Ит төресі – тазы» атауымен ұйымдастырылды. Содан бергі жылдарда аудан аумағында «Салбурын» сайысы, далалық сынақ, таза қанды тазылар көрмесі, курсинг сияқты айтулы шаралар өткізілді. Бұл жолғы жарысымызға да итбегілер жердің алыстығы мен күннің суығына қарамастан жиналып, тазыларын топқа салды. Басты мақсатымыз – бабаларымыздан мұра боп қалған қазақы тазы итін жанкештілікпен ұстап, санын көбейтуге барын салып жүрген итбегі азаматтардың басын қосу, өзара пікір алмастырып, мүмкіндігінше оларға көңіл аудару. Қазақы тазыны дәріптеу, − дейді іс-шара мақсатын түсіндірген Тасқала аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез.

Шара ұйымдастырушыларының сөзіне қарағанда, тазыларға арналған бастамаларды дамыта түсу жоспарланған. Биылдың еншісінде құмай тазылардың арнайы көрмесін өткізіп, сарапшы шақыру да ойластырылуда Сонымен бірге итбегілерге арналған семинар-кеңес өткізу алдағы күннің еншісінде.

Сөз етіп отырған «Салбурын» сайысының өту барысына қайта оралайық. Дәл жарыс өткен күні қатысушыларды Тасқаланың таулы даласы бетқаратпас аязымен қарсылады. Бірақ даланың сырына қанық аңшы жігіттер өздері баптаған ұшқыр тазыларын топқа салды. Сары аязбен жарыса самаурындарын қайнатып, ыстық шайдан ұрттап қойып, даланың төсін қызыққа толтырды.

− «Атымды ата да, сыбағамды итке сал» дейтін дархан халықтың ұрпағымыз ғой. Жарыстан жүлде алу, табыс табу маңызды емес. Ең бастысы, ешбір ақы-пұлсыз, өз еріктерімен тазы ұстап отырған мүдделес азаматтар жиналып, пікір алмасып, аң мен аңшылық туралы ой бөлісудің өзі үлкен олжа деп білеміз. Бүгін менің тазым аң аулап, шапшаңдығын көрсетіп, ептігілін танытты. Өте қуаныш­тымын, − деді жарыс жеңімпазы, Лашын атты таздың иесі, Ақжайық ауданының  тұрғыны Асхат Камешев.

Тазылар сайысы өте тартысты өтті. Шапшаң әрі әккі тазылар суырылып алға шығып, иесінің қанжығасын майлады. Ақжайықтан келген Асхат Камешевтің «Лашын» атты тазысы I орынды жеңіп алса, ІІ орынды Бәйтерек ауданынан қатысқан Асқарбек Ихсановтың Сартайы иеленді. Алғашқы үштікті тасқалалық Арон Дәуреннің «Боран» есімді тазысы түйіндеді.

Ділнәз Мұратқалиева,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале