4.12.2024, 17:15
Оқылды: 36

БҚО-да тірек мектептер қатары толықты

Елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы қолға алынған болатын.

18

Соның бірі – Тасқала ауданы орталығындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясы. Аталмыш білім ордасы 1999 жылы пайдалануға берілді. Жобалық қуаттылығы 7 78о қушыға арналған, бүгінгі күні екі ауысымда 673 оқушы білім алуда.

2019-2020 жылы мектеп толықтай күрделі жөндеуден өтті. Биыл «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін арттыру»жобасы аясында аталмыш мектепке Қазақстан халқы қорынан 250 млн теңге қаражат бөлініп, қазіргі таңда  29 сынып қайта жабдықталды.

Осыған орай Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясында тірек мектептің ашылу салтанаты өтті. Аталмыш шараға облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының жетекшісі Кеңшілік Сабыржан, сондай-ақ, білім беру саласын тұрақты дамыту қорының жобалық менеджері Рүстем Ермеков, білім беру саласын тұрақты дамыту қорының Батыс өңірі бойынша дамыту маманы Талғат Кужагалиев пен Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтбукешов, педагогикалық шеберлік орталығының директоры Лариса Обыденкина мен аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева және аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Касымова қатысты.

23

Алдымен келген қонақтар жаңадан жабдықталған сыныптарды аралап, аталмыш білім ордасымен танысты. Содан соң мектептің акт залында өткен жиынға қатысты. Алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Ермекұлы:

«Аудан тұрғындары үшін бүгін ерекше күн. Өйткені «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында балалар енді заманауи құралдармен жабдықталған кабинеттерде білім алатын болады. Үш жылдан астам уақыт бойы Назарбаев зияткерлік мектебінің өкілдері ауылдық жерлерде тірек мектептер үшін үлкен жобаларды жүзеге асырып келеді. Жобаның мақсаты – ауылдық мектептердің жағдайын қала мектептерімен теңестіру. Бұл – облысымыз үшін үлкен жетістік, себебі бүгін біз сегізінші мектептің ашылуын тойлап отырмыз. Алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істеп, сіздерден тағы да үлкен жетістіктер күтеміз. Бізде қазіргі таңда бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар деп сенемін», - деді.

Айта кетейік, мектеп директоры Жанар Шамұратқызымен тілдескенімізде жоба аясында сыныптардағы жиһаздар жаңартылып, эргономикалық орындықтар мен парталар қойылғанын тілге тиек етті.

Физика, химия, математика, биология, география, информатика, жаратылыстану кабинеттері де нағыз заманауи білім беру сыныптарына айналғанын жеткізді. Робототехника кабинеті тереңдетілген білім алу үшін шағын гидропоника зертханасымен, сынақтарға қажетті 3D принтерлермен, виртуалды шындық кабинеттерімен және әртүрлі құралдар, материалдармен жабдықталған.

16

Одан бөлек балалардың спортпен шұғылдануы және физикалық дамуы үшін мектептің дене шынықтыру залына да жаңа спорттық құрал-жабдықтар алынған. Сондай-ақ, мектеп педагогтары білімін шыңдау мақсатында  Атырау қаласында Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқыту курстарынан өткен.

Шара барысында «Назарбаев» зияткерлік мектебінің мамандары «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасын іске асыру мақсатында, сондай-ақ кәсіби білім беру саласында тең жағдай жасау арқылы қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға көмектесу, педагогтердің кәсіби шеберлігі мен шығармашылығын арттыру, мұғалімдерді дамыту және ауыл мектептерінің материалдық-техникалық жабдықталған базасындағы оқу құралдарының тиімділігін арттыру мақсатында өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Болат Бек

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале