БҚО-ның Жәнібек ауданының Жәнібек ауылының тұрғыны Елдос Сағадатовтың отбасында үшем дүниеге келді.
Жарық дүние есігін 30 маусымда облыстық перинаталдық орталықта ашқан қыздар әзірше дәрігерлердің бақылауында болады. Сәбилер бір минуттық айырмашылықпен дүниеге келген. Кестетігерлердің әрқайсысының салмағы 2 600, 2 400, 1 900 келі.
Әмина, Рәмина, Мәдина. Бұл Сағадетовтардың шаңырағына шаттық сыйлаған шақалақтардың есімдері. Отағасы Елдостың қуанышында шек жоқ. Әзірге үшемдерді ажырата қоймаса да, бір ұл,бір қыздан кейін бірден көп балалы әке атанғанына марқайып жүр. Ал жас ана Ақмарал үшемнің өмірге келуін – Алланың үлкен сыйы деп қабылдағанын айтады. Қазір сәбилердің де, өзінің де денсаулығы ойдағыдай.
-Мен өте қуаныштымын! Үшем сыйлап, тағы бір мәрте әке атандырған бірінші Аллаға, екінші асыл жарыма алғысым шексіз. Бүгінде бес баланың ата-анасы атандық. Ата-ана ретінде жауапкершілігіміз де бес есе артты, - дейді Елдос Базарбайұлы.
Ауданның 100 жылдық мерейтойында үш сәбидің бірдей жарық дүние есігін ашуы сирек кездесетін қуаныш. Бұл періштелер Жәнібек ауданында дүниеге келген алғашқы үшем.
Айта кету керек, үшемнің 28 жастағы әкесі Елдос Сағадетов ауданда танымал қолөнер шебері, ауданның 100 жылдық мерейтойына арналған логотиптің авторы.
Ә. Әбділда,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz