14.08.2019, 11:50
Оқылды: 109

БҚО-да Жәңгір хан қаздырған құдық жаңғыртылды

Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында Бөкей ханның сұлтан кезінде қолданған мөрі мен Жәңгір хан мөрінің қайта қалпына келтірілген нұсқасы мен Жәңгір хан бағындағы құдық суының сараптамасын қабылдау рәсімі өтті.

 _MG_9726

Хан ордасы ауылындағы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының ауласында хан құдығын қайта қалпына келтіруге бастама көтеріп, аталған құдықтың және хан мөрлерінің музейлік атрибуциясын жасаған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры Тәттігүл Қаратаева. Ол музей-қорығының директоры Ғайса Махимовқа Хан құдығынан алынған судың сараптамасын тапсырып, Әл-Фараби атындағы университет пен болашақта өзара бірлесіп жұмыс жасау жөніндегі келісімшартқа қол қойып, музей-қорығының мөрі басылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, зергер Естай Даубаев музей-қорығына Бөкейдің сұлтандық және хандық құрған кезіндегі мөрлері мен Шығай сұлтан мен Жәңгір ханның мөрлерін табыстаса, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясының сәндік қолданбалы өнер кафедрасының аға оқытушысы Мақсат Мағзомов хан құдығына арнайы ағаштан ойып жасалған құрсаулы шелектерді табыс етті. Айта кетерлігі, бұл шелектердің баламасы жоқ. Бірі ағаштан ойылса, екіншісі шоқпен күйдіру арқылы жасалған.

Биыл маусымда хан соқтырған шеген құдық қалпына келтіріліп, салтанатты түрде ашылған еді. Сол сапарда ғалым Тәттігүл Қаратаева бақтағы құдықтың суы мен Қарасудың балшығының үлгілерін сараптама жасатуға алып кеткен еді. Осы жорықта Тәттігүл Ерсайынқызы су құрамындағы Менделеев кестесіндегі 97 элементке зерттеу жүргізіліп, судың адамзат ағзасына зияны жоқтығы, 50 литр судан 1 грамм күміс алуға болатынын айтты. Ал Қарасудың қыста қатпайтын, шіліңгір шілдеде кеппейтін балшығының сан ауруға шипасы бар екен.

_MG_9741

Хан бағы құдығын ауданның құрметті азаматы Айдар Батырханов пен Тәттігүл Қаратаева ашты.

–Жәңгір ханның қолға алған ісінің бірі – қуаңшылық жерлерді суландыру үшін бөгет пен артезиан құдықтарының жүйесін салдыру болған. Облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы және Әл-Фараби атындағы университеті жүзеге асырған «Қазақстанның аридтік аймақтарында сумен қамтудың дәстүрлі әдістері: этнологиялық және геоархеологиялық тұрғыда қарастыру» атты ғылыми ізденісімен Хан сарайы ауласында Жәңгір хан қаздырған екі құдықтың болғаны анықталып, оларды қайта қалпына келтірілді. Хан құдығы деп аталған бірінші құдыққа реконструкция жасалып, 2019 жылдың маусым айында пайдалануға берілген болатын, енді міне, хан сарайы ауласындағы екінші құдықты қайта жаңғыртып отырмыз. Құдықты қалпына келтіру жұмыстары толықтай аяқталмады. Дегенмен жұмыстың жартысынан көп бөлігі бітіп тұр,-дейді Тәттігүл Ерсайынқызы.

Әділет Әбдіров,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале