Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов және орынбасары Лауаз Уәлиев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Досмақов Шаған ауылдық округіндегі «Агрофирма «Ақас» ЖШС-ында іссапармен болды.
1995 жылдан бері облыс бойынша асыл тұқымды сүтті бағыттағы голштино-фриз, етті бағыттағы қазақтың ақбас тұқымды сиырларын өсіріп, сүт, ет, дәнді дақылдар өндіретін бірден-бір іргелі шаруашылықта бүгінде 60-тан астам адам жұмыс істейді.
Шаруашылық басшысы Қатауолла Ашығалиев аудан әкімі Әділ Тауфикұлына биыл өндірілген өнім жөнінде мәлімдеді.
-Шаруашылықтың жер көлемі - 23472 гектар (соның ішінде егістік жер – 10098 га, шабындық – 1640 га, жайылым – 11400 га, босалқы жер - 330 га). Биыл 4291 га жерге дәнді дақыл егіп, 2522 тонна өнім жинап алдық. Мал азығын дайындау бойынша 1680 га жерден жалпы өнімі 840 тонна көпжылдық шөп өндірдік. Мал басын құнарлы мал азығымен қамтамасыз ету бағытында шырынды мал азығын жылма-жыл дайындаймыз.
Қазіргі таңда шаруашылықта 2220 бас ірі қара бар (1110 бас етті бағыттағы қазақтың ақбас тұқымы, 876 бас сүтті бағыттағы голштинофриз тұқымдас малдар). Аналық мал басы - 904 бас (соның ішінде 402 бас сүт бағыттағы және 502 бас етті бағыттағы сиырлар). Сауылып тұрған сиыр саны - 232 бас. Қой саны - 671, жылқы – 18.
2017-2018 жылдары 1 870 139 тонна сүт өндіргеніміз үшін бюджеттен 46 753 475 теңге субсидия алдық. Былтыр мал шаруашылығын дамытуға Үкімет тарапынан барлығы 73 млн. 004 мың теңге субсидия алған едік, - деді Қатауолла Миралиұлы.
«Ақас» шаруашылығының хал-жағдайына қаныққан аудан әкімі шабындық, жайылым, егістік жерлерді аралап, өндірістік техникалардың жұмыс істеу тәсілімен танысты.
Аягөз АЙТҚАЛИЕВА,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!