Біз Қайыңдыны айтқанда алқызыл қызғалдағын қосып айтамыз. «Қайыңдының қызғалдағы» деген атауды облыс жұртшылығы жақсы біледі десек артық айтқандық болмас. Енді Нұрсай ауылын, (Тереңкөл ауылдық округі) «Шағалалы Тереңкөл» деп атау беруге болатын сияқты. Бұны білмей жүріппіз.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев ағамыз: -Жұмыр-Қылыш зираты жатқан жерден алыс емес сордың ортасында шағын арал бар. Ал сол жерді жаз айында тек құстардан шағала ғана мекендейді. Көктем айында бара қалсаң ұя басып жатқан немесе ұшып жүрген шағала құсынан көзін сүрінеді. Сол жерді білесіңдер ме? -деп сұрағанда білмейтінімізге ыңғайсызданып та қалдық. Түсірілген суретті көргенде таң қалдық.
Теледидардан көріп жүргеніміздей «Жануарлар әлемі» бағдарламасындағы мұхит жағалауындағы көріністер сияқты. Осы суретті Уәлиолла ағамыз Ресейдің «Фото-страна» сайтына салыпты. Сонымен қатар шағалалар жұмыртқалаған кезде кейбір адамдар барып, шелек-шелек жұмыртқа жинап алатын көрінеді.
Жалпы шағалалар көлдерде көп кездесіп жатады ғой. Бірақ мынандай бір жерде шоғырлануы және сол жерді мекен етуі қызықты жәйт. Осы «Шағала аралы» туралы Уәлиолла ағамыздың мұғалім келіні Лузия Ищанова Экология тақырыбында арнайы жоба да әзірлепті. Міне, туған жеріміздің кейбір құпияларын әлі игере алмай жатырмыз.
Ал енді суреттегі Жұмыр-Қылышқа арналып қойылған белгі туралы айтар болсақ, тарихи деректер бойынша Жұмыр Исатай, Махамбеттің үзеңгілес серігі болған батыр. Жұмыр мен Қылыш екі бөлек адам. Махамбет «Жұмыр-Қылыш» күйін шығарған. Жұмыр мен Қылыш батырдың мазарлары Қаратөбе ауданы, Қалдығайты ауылына қарасты Төкен елді мекенінің қасындағы он бес шақырым жерде орналасқан. Енді мынандай мәселе туындайды. Бірік ауылдық округіне қарасты Жұмыр деген жер (тоған) бар. Жоғарыда жазғанымыздай Тереңкөл ауылдық округіне қарасты осы жерде Жұмыр-Қылыш жерленген деп тағы белгі қойылған. (Суретте көріп тұрғандарыңыздай) Сонда бұл жерде Жұмыр батыр жерленген бе, әлде Қылыш батыр ма? Бұны анықтауды тарихшылардың үлесіне қалдырайық.
Жалпы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына орай ауданымыздың тереңде жатқан тарихынан сыр шертетін көптеген мәліметтер бар екеніне көзіміз жетіп отыр.
Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,
Қазталов ауданы