Ақжайық ауданының орталығында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрлерінен Батыс Қазақстан облысының V фестивалі өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларына орай ұлттық спорт түрлерін дамытуды мақсат еткен ұлы дала ойындары екі күн бойы даланы дүбірге бөледі. Орал қаласы мен 12 ауданның командалары спорттың 11 түрінен бәсекеге түсті. Жалпы фестивальге 510 спортшы қатысты.
Меймандостық танытып, қонақ командаларға төрін ұсынған ақжайықтықтар жарысқа қатысушыларды ерекше салтанатпен қарсы алды. Осындай жоғары деңгейдегі спорттық шараның ашылу салтанаты тіптен ерек өтті. Жайықтың қос қапталын жайлаған жайсаң елден жалауларын желбіретіп келген командалардың шеруі шараның шырайын асырды. Бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі, ұлттық жекпе-жек түрлерінен бақ сынаған барша қатысушыларға жиналғандар сәттілік тіледі. Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, мәртебелі ел қонақтары, еңбек, спорт ардагерлері, қалың жанкүйерлердің тілегі арнасынан тасығандай.
Салтанатта жұртшылыққа сахналық көрініс ұсынылды. Мәдениет қызметкерлері түрлі көріністер арқылы ата-баба арманын, аманатын жеткізді. Сахна төріне Қыдыр ата көтеріліп, жиналғандарға бата берді. Бишілер ұлт-ұлыстар достығын әйгілеген билер орындады. Мәңгілік ел символы түрлі қимылдар, көрнекіліктер арқылы көрсетілді.
Жарыстың бірінші күні командалар алдымен көкпар ойындарын өткізді. Тасқала мен Қазталов, Жәнібек пен Орал, Шыңғырлау мен Бөрлі, Ақжайық-Қаратөбе-Жаңақала командалы арасында өткен тартысты ойындар жарыстың көрігін қыздырды. Ат жалына жармасқан жігіттер ортадағы көк серкенің көкетін сөгіп, барларын салды. Әсіресе, Жәнібек, Шыңғырлау, Тасқала, Ақжайық көкпаршылары ерекше ойын өрнегін көрсетіп, салым санын көбейтті.
Осы фестивальде жұртшылық үшін жаңалық болған – ұлттық жекпе-жек бәсекелері. Он түрлі салмақ дәрежесінде сегізбұрышты рингте атой салған қыз-жігіттер жекпе-жектен аянып қалған жоқ. Алты сағатқа созылған бәсекелерді тамашалаушылар да осы уақыт бойы бір орыннан тапжылмады. Әсіресе, 57 келі салмақ дәрежесінде ешкімге дес бермеген ақжайықтық Әліби Теміртасовқа тең келер ешкім болған жоқ. Әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген жүлдегер жерлесіміз жарыс барысында өз биігінде болды. Бұл спорт түрлерінен Бөрлі, Бәйтерек, Жәнібек аудандарының спортшылары анағұрлым қызықты сайыс көрсете білді.
М.Әуезов атындағы орта мектептің спорт залында асық ату, бес асық, тоғызқұмалақтан өткен жарыстарға қатысушылар саны аз болмады. Тоғызқұмалақ қатысушылардың ойлау қабілетін, әдіс-айласын көрсетсе, асық ату, бес асық жарыстары мергендікті дәріптеді. Қатысушылар бұл спорт түрлеріне де тыңғылықты дайындалып келген. Асық атудан бөкейордалық Ербол Ахметов, теректілік Өтеген Мүбәрак, бәйтеректік Мұрат Сағынов, ақжайықтық Қуаныш Телағысов пен Дина Бекмағамбетовалар, тоғызқұмалақтан ақжайықтық Санат Кәрімов, теректілік Бақытжан Бисенғалиев, бәйтеректік Думан Шанов, Алина Айтмұхамбетов, жәнібектік Сансызбай Кәуенов, Нұртілек Мизанбаевтар әдемі ойын көрсетті.
«Чистинкий» маңындағы Бәйгетөбеде өткен құнан жарысқа 20 сәйгүлік қатысты. 7 шақырымға шапқан жүйріктер арасынан Бәйтерек ауданынан келген Манарбек Кенжеғалиевтың «Байтөресі» І орын, Ақжайық ауданынан қатысқан Сырым Санаулының «Кермаралы» ІІ орын, қазталовтың Нұрболат Әдиетовтың «Сұлтаны» ІІІ орын алды. 16 шақырымдық тоқ бәйгеге жіптей тартылған жеті жүйрік жарысты. Мұнда ақжайықтық Жанғабыл Сәтбаевтың «Айқасқасы» І орынды, бөрлілік Берік Мұқашевтың «Громы» ІІ орынды, сырымдық Мұхтар Шүлеуовтың «Падишасы» ІІІ орынды еншіледі.
Жиырма бес шақырымдық аламан бәйге тартысқа толы болды. Шапқан жерін орлап кететін он жүйрік он айналым бойы аянып қалған жоқ. Фестиваль облыстық болғанмен, аламанға ұйымдастырушылардың келісімімен көршілес облыстың аттары ақылы түрде қосылған-ды. Бастан-аяқ құйрық тістесіп келген аттар мәре сызығын қатарласа кесті. Атыраулық Алпамыс Өтеновтың «Горкасы» І орын, жәнібектік Нұрболат Шагировтың «Қарағызы» ІІ орын, жаңақалалық Айбек Ишановтың «Ұлытауы» ІІІ орынды еншіледі.
Жиналғандар сол күні аудандық тарихи өлкетану музейі, балалар шығармашылығы орталығы, жергілікті қолөнершілер ұйымдастырған ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Шара мерекелік концертке ұласып, елімізге белгілі өнер жұлдыздары Дәурен Сейтжанов, Тілек Базаров сынды әншілер, аудан көркемөнерпаздары өнер көрсетті.
Фестивальдің екінші күні көкпардан финалдық ойындармен басталды. Аударыспақтан, қазақ күресінен белдесулер, теңге ілуден сайыстар өтті. Жамбы ату сайысы жиналғандарға ерекше ұнады десек, артық айтқандық емес. Ат үстінде шауып келе жатып, садақпен арнайы нысаналарға жебе ату көп ешкімнің қолынан келе бермесі анық. Дегенмен, ақжайықтық Жанәділ Ғазезов көпшілік көңілінен шыға білді. Басқа қатысушыларға әлі де дайындала түсу, жылқымен жұмыс жасау керегі анық байқалып тұрды. Себебі, спортшылар садақ атпақ боп тізгінді жібере салғанда аттар басқа бағытқа ауып кете берді. Дайындық осы тұрғыдан керек.
Екі күнге созылған фестивальдің марапаттау сәтінде аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаев, белгілі самбошы Ерболат Байбатыров жеңімпаздарды марапаттады.
Сайыстар нәтижесінде көкпардан бірінші орыннан Орал қаласы, екінші орыннан Жәнібек ауданы, үшінші орыннан Ақжайық ауданы, аударыспақтан бірінші орыннан Бәйтерек ауданы, екінші орыннан Жәнібек ауданы, үшінші орыннан Ақжайық ауданы көрінді. Теңге ілуден бірінші орынды Бәйтерек ауданы, екінші орынды Қаратөбе ауданы, үшінші орынды Жәнібек ауданы, тоғызқұмалақтан бірінші орынды Бөрлі ауданы, екінші орынды Жаңақала ауданы, үшінші орынды Сырым ауданы еншіледі.
Асық ату, бес асықтан бірінші орын Бөрлі ауданы, екінші орын Ақжайық ауданы, үшінші орын Теректі ауданы, қазақ күресінен бірінші орын Бөрлі ауданы, екінші орын Сырым ауданы,үшінші орын Казталов ауданы, жамбы атудан бірінші орын Бөрлі ауданы, екінші орын Жәнібек ауданы, үшінші орын Ақжайық ауданы, ұлттық жекпе-жектен бірінші орын Бөрлі ауданы, екінші орын Ақжайық ауданы, үшінші орын Жәнібек ауданы командаларына бұйырды.
Жалпыкомандалық есепте жеңімпаз болып Бөрлі ауданы командасы танылды. Ақжайық ауданы командасы ІІ орынға, Жәнібек ауданы спортшылары ІІІ орынға табан тіреді.
Бекболат ҚАЛЕНОВ,
Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН
Ақжайық ауданы