Жаңа заманның күн тәртібіне шыққан күрделі мәселенің бірі - су ресурстарын тиімді пайдалану. Су болашақта мұнайдан да қымбат болады деген жаңа дәуірдің болжам – жорамалы бізге бұл мәселеге барынша сергек санамен қарауды талап етеді.
Бұл іс шетелде сан ғасырдан бері жолға қойылған. Қытайлар шатырдан аққан судың да шашауын шығармай, шаруашылығына пайдаланады. Әлеммен технология тілінде сөйлесетін жапондар өздерінің де, шаһарларының да табиғи келбетіне аса мән береді. Сондықтан да, «Toyota» шығаратын елдің тұрғындары қағаз төсекте ұйықтайды, қоқыстарының бәрін қайта өңдейді. Ал суды үнемдеуге келгенде тіпті сақ. Олар әжетханасын қол жуған сумен шаяды.
Ал біздер болсақ айналамызда шалқып жатқан судың игілігін көруге де аса бейіл емеспіз. Өзеннің жағасында тұрып малға ішетін су таппай, көлдің маңын мекендеп, қырлық жердің шөбін тырнап өмір сүріп жатырмыз.
2017-2018 жылдары Өлеңтіде көлдетіп суару жүйесі қалпына келтірілді. Бұл – Сырым ауданының су ресурстарын пайдалану бағытындағы батыл қимылдардың бірі. Екі жыл қатарынан болған су тасқынында Өлеңті өзенінің айдынына су ұстап қалуға, алқаптарға су шығаруға шүмектер мен қақпалардың үлесі болды.
Ендігі шаруа – бөгеттер. Сырым ауданындағы әкімдердің есептік жиындарында халық тарапынан кейінгі уақытта бөгеттер салу, бұзу жөнінде ұсыныстар жиі айтылады. Демек, суға мұқтаждықтың лебі келді.
Осы аптада Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Талдыбұлақ ауылдық округінде жұмыс сапарымен болды. Қазақстан ауылының тұрғындарымен кездесті, көктемгі далалық жұмыстарға көз салды.Округ әкімі Айдынғали Балғалиев Төлеген Төреғалиевке ауыл іргесіндегі бөгетті қалпына келтіруге қатысты ұсыныстарын айтты.
-Талдыбұлақ ауылының батыс бетіндегі бөгет ертеден бар. Ауылда неміс ұлтының өкілдері тұрған уақытта пайдаланды, кейін су жырып кетті. Қабырғасын шегендеп, қалпына келтірсек, тек пайдасын ғана көреміз. Біріншіден, мал суаратын суат қызметін атқарады. Бағымдағы сиыр, қой саялап, су ішеді. Жылқы тоқтап, шөлін қандырады. Екіншіден, кейінгі жылдары су деңгейі түсіп кетуіне байланысты іргедегі баққа су шықпады. Аумағы 7 гектар болатын бақтың ауласына су шықса, бақша шаруашылығы ширайтын еді. Арық жүйесі дайын. Үшіншіден, біздің айдынның ерекшелігі де сол бұлақ бар. Қарғын сумен толыққанмен, бұлақ су деңгейін ұстап қалады. Бөгеттің маңында 7-8 бұлақ бар. Су таза. Демек, Талдыбұлақта балық және құс шаруашылығымен айналысуға да мүмкіндік туады, – дейді төл жобасының тиімділігі жайлы Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі.
Айта кетейік, Талдыбұлақ ауылдық округінде 2 456 бас ірі қара, 2 386 ұсақ мал және 895 жылқы бар. Даласын өзен кеспейтін осындай малшы ауылдар үшін бөгет – мол игілік. Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев әріптесі көтерген мәселенің өзектігін, бөгеттің тиімділігін бағалады. Ендігі шаруа – бөгеу жұмыстарын олпы-солпы емес, сауатты атқару. Халықтық тәжірибеде су шайып кетпес үшін бөгетті малдың қиынан соғып, тал егеді. Тамырланған ағаш - мызғымас қалқан.
Басқа басқа, бақша ісі ілгерілеп кетуі кәдік. Өйткені, қазірдің өзінде Талдыбұлақта 50 шақты аула бақша салып, аскөгін, қияр, қызанағын өздері өсіріп отыр.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz