31.05.2021, 18:24
Оқылды: 51

Бөгет суы ауыл мұқтажына жарауда

Су – тіршілік көзі. Сондықтан таза ауыз суды тек күнделікті ас-суға қолдансақ, бау-бақшаға, малға, яғни тұрмыста арнайы техникалық суды қолданған дұрыс. Осы орайда, сол ауылшаруашылық мақсатқа жұмсалатын су көзі дұрыс ұйымдастырылса болғаны.

Шыңғырлау ауданы Ардақ ауылының оңтүстік жағында орналасқан бөгет өткен ғасырдың 70 жылдарында салынған. Жарты ғасырлық тарихы бар бөгеттегі су бастапқыда жеткілікті болғанымен, жыл өте бере тайызданып, айналасы мүжіліп, суы мүлде тартылып қалған екен. Сондықтан ауылға ең жақын орналасқан бөгетті жергілікті әкімшілік осыдан бір жыл бұрын шаруашылық тәсілмен орнын тереңдеп қазып, айналасын су шаймас үшін құм төсеп, қайта жөндеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде биыл қыс бойына жауған қар мен жауын-шашынның суы бөгетке жиналуының арқасында  бөгетте су мол. Бүгінде шағын көлге айналған бөгеттің ұзындығы 500 метрге дейін жетеді.

63535A78-C774-4FBB-8E5A-CDE8A1704EF5

- Ауыл тұрғындары бөгет салу мәселесін жиындарда жиі көтеретін еді. Кезінде Ардақ ауылында 12 бөгет болыпты. Өкінішке орай олардың көпшілігі тартылып қалған. Дегенмен биылғы қыста қар мол түсуіне орай 3-4 бөгетке су жиналыпты. Сонымен қатар, «Жайдар» шаруа қожалығының басшысы Нұржан Лесов өз шаруашылығындағы бөгетті қайта жөндеп, 4 мыңға жуық балық шабағын суға жіберді, - дейді Ардақ ауылдық округінің әкімі С.Бркенова.

Иә, бөгет - ауылшаруашылық саласын дамытуда таптырмас құрал. Тұрғындар бүгінде бөгет суымен төрт түлік малын суарып, бақшаға орынды қолдана білуде. Оның үстіне алыстан бірден көзге түсетін әдемі айдын көл ауылдың шырайын одан әрі көркейтсе, көл жағалай ұшқан құстардың қатары көбейгені және олардың қатарына киелі аққу құсының қосылғаны баршаны қуантады.

 Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале