28.03.2023, 20:41
Оқылды: 81

Бөгеттер бөгелуде

«Су — тіршілік көзі» десек, Казталов ауданына нәр беретін Сарыөзен мен Қараөзен өзендері. Жалпы қос өзен бастауын Ресей жерінен алып, Қамыс-Самар елінің құмына сіңіп, жоқ болады. Биылғы жылы Қараөзенге жоғарғы жақтан тасқын су молынан келді. Тіптен,  өзен бойындағы елді мекендерді су басу қаупі төнді десек артық болмас.

20230327_124312

Ауданның атқамінер азаматтарының дер кезіндегі ұйымдастыру жұмыстарының арқасында ағын су құрықталып, жағдай бір қалыпты өтті. Қазіргі күнде судың деңгейі түсіп, ашылған бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстары жүруде. Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген Казталов ауданы әкімінің орынбасары Ғаділбек Әлібековпен бірге қос өзеннің бойын аралап қайттық.

— Биылғы көктемде Қараөзен өзеніне жоғары жақтан (Ресейден) тасқын су молынан жіберілді. Біздегі ақпараттарды сараласақ, судың келу деңгейінің ең жоғары мөлшері Саратов облысы Александров-Гай ауданындағы Приузенск су қоймасынан сек 352 текше/метр су лақтырылды. Қараөзен бойындағы ауылдар суға кетпеуі үшін алдын алу жұмыстарын жүргіздік. Ағымдағы жылдың 14 наурызынан бастап ауданымыз бойынша төтенше жағдай жарияланды. Жалпақтал ауылында судың деңгейі 7 метр 46 сантиметрге дейін көтерілді. Өзендегі сеңді жою және тасқын суды өткізу мақсатында Ғайса, Мәнти, Жиеш, Автобаза бөгеттері ашылды. Сонымен бірге Жалпақтал ауылындағы өзен суы шайып кету қаупі бар жиектер мен дамбаларды көтерді.

20230327_121854
Осы жұмыстар уақытында жүргізіліп, жағдай бір қалыпты болды. Сол кезде елдің ынтымақтығы білінді. Барлық жұмыстарда Казталов ауданы әкімдігі жанынан құрылған төтенше жағдайлардың алдын алу штабымен бірлесе аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, Жалпақтал ауылдық округі әкімдігі,  ауыл тұрғындары бір адамдай жұмыс атқарды. Бізге Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері де көмекке жетті. Алдын алу жұмыстары кезінде жеке кәсіпкер Әлібек Сартаевтың 1 тралл, 2 Камаз жүк көлігін, Самат Хасановтың 1 эксковаторын, аудандық коммуналдық кәсіпорнының техникаларын жалға алып, жұмыстарға жұмылдырдық.

20230328_170427
Нәтижесінде жағдай қалыпты болып, өзен бойында орналасқан тұрғын үйлердің суға кету фактісі орын алмады. Келген ағын суды Жалпақтал, Қараөзен, Жаңажол ауылдық округі аумағындағы жайылмалар мен көлдерге шығарып алдық. Біздің аудан аумағына Қараөзен өзені арқылы 150 млн. текше/метр су келді.
Қазіргі уақытта тасқын судың қаупі қайтып, өзен арнасы түсті. Сол уақытта ашылған бөгеттерді кері бекітіп жатырмыз. Бүгін Автобаза бағытындағы бөгетті жабудамыз. Алдағы күндері Мәнти, Ғайса, Жиеш бөгеттерін жабатын боламыз.

20230327_124927 (1)
Ал Сарыөзенге келетін болсақ, жоғары жақтан сек 22 текше/метр су жіберілді. Өзен бойындағы жайылмаларға су шығару үшін 1-Казталов қақпасын жаптық. Ағын су Казталов, Бірік ауылдық округіндегі жайылмаларға шығарылды. Бүгінгі күнде 1-Казталов қақпасын кері ашып, төменге сек 4-5 текше/метр су ағуда. Ресейден сек 17 текше/метр су келіп жатыр,- деді Ғаділбек Әлібекұлы.

20230328_165219 (1)
Міне, жағдай осылай болған. Қос өзен бойына ағын су молынан шықты. Әсіресе, Қараөзен бойына жақсы келді. Ендігі уақытта су түскен жайылмалар мен көлдерде шөп бітік шықса, мал азығы дайындау қиын болмас. Ауданымыздың қос өзені аққан нәрінен айырмасын дейік!

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале