Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Қазақстан Республикасының Президентінің кезектен тыс сайлауы өтуде.
Жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат жетіде Бөкей ордасы ауданы бойынша 24 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады.
Әнұранмен басталып, учаскелік сайлау төрағалары сөз алып, өз міндеттерімен, комиссия мүшелерімен таныстырып, елең-алаңнан ел үшін маңызды сайлауға жауапкершілік танытып келген ауылдастарға алғыстарын айтты.
Аудан орталығындағы N53 сайлау учаскесінде де саяси маңызды шара дәл осылай басталды. Ашылу салтанатында аудан әкімі Нұрлыбек Даумов сөз алып, ауылдастарды мемлекет үшін маңызды сайлауға белсенділікпен қатысуға, ел тағдырына бейжай қарамай, азаматтық танытуға шақырды.
Одан кейін сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Қуандық Елемесов те "Жаңа Қазақстан" өздігінен жасала салмайды, мемлекет болашағына мейлінше жанашыр азаматтардың жауапкершілігі мен саналы белсенділігінен бастау алады деді.
Кәмелеттік жасқа толып, алғаш дауыс бергелі тұрған Диас Акишев та қатарластарын қалыс қалмауға үндеді.
N53 сайлау учаскесінің төрағасы Ерболат Сержанов бірінші боп келген сайлаушы Жанар Байғуатоваға, еңбек ардагері Қуандық Елемесов пен алғаш рет сайлауға қатысып, дауыс берген Диас Акишевке сый-сияпат тарту етті.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz