19.06.2025, 10:30
Оқылды: 273

Бөкей ордада республикалық күйшілер байқауының гала-концерті өтті

Дәулеткерей Шығайұлының 205 жылдығына арналған «Жігер» республикалық күйшілер байқауының гала-концертіне Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов арнайы қатысып, алыс-жақыннан келген меймандар мен қатысушыларға жүрекжарды алғысын білдірді.

IMG-20250619-WA0000

– Қазақ ешқашан өнерден кенде болған емес. Өйткені, күй – ұлтымыздың жаны. Бұл байқау соның жарқын дәлелі. Кең ауқымда ұйымдастырылған бұл дүбірлі додада еліміздің әр өңірінен келген күй өнерінің жанашырлары мен шеберлері бас қосты. Қазақ күйінің алыбына айналған Дәулеткерей бабамыздың атындағы күй сайысы өз жалғасын таба берсін, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, аудан  әкімі Нұрлыбек Даумов қазылар алқасының төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Кәрима Сахарбаеваға және ауданның атынан қатысқан жас күйші Еламан Елтаевқа ордалық демеушілер Р. Мұхамбетшин мен Н. Имамеденовтердің атынан арғымақ мінгізді.

IMG-20250619-WA0003
Сонымен қатар, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов та сөз алып, жиналған жұртшылыққа ақжарма лебізін білдірді.

IMG-20250619-WA0002
– «Ордаға барсаң – күйшімін деме, Қаратөбеге барсаң – әншімін деме» деген аталы сөз бекер айтылмаған. Бұл өңір – шежіреге толы, талай тума таланттың кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Дәулеткерей бабамыз – солардың бірегейі. Оның қара домбыра арқылы ұрпаққа қалдырған рухани мұрасы – елдің қазынасы, – деді ол.
Көрсетілген сый-құрметке ризашылығын білдірген қазылар алқасының төрайымы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Кәрима Сүндетқызы  байқауды ұйымдастыруға ұйытқы болған барша жанға алғыс айтып, күй өнеріне арналған ғылыми-танымдық еңбегін тарту етті.

IMG-20250619-WA0009
– Дәулеткерейдің шығармашылығын сонау сексенінші жылдардан бері зерттеп келемін. Хан әулетінен тараған Дәулеткерей бабамыздың көптеген шығармалары бір кездері жарық көрмей, тарих сахнасынан ығыстырылған болатын. Ол кезеңде ұстаздарым: «Сенің болмысыңа, мінезіңе осы тақырып сай келеді. Дәулеткерейдің мұрасын зерттеп, жинақтап, кітап бетіне түсіргің” деп бағыт-бағдар берді. Содан бері 40 жыл өте шығыпты. Дәулеткерей туралы алғашқы жинақты Ахмет Жұбанов жарыққа шығарса, мен де өз тарапымнан осы іске үлес қосуды азаматтық парызым деп білемін. Алдағы уақытта күй өнерін ғылыми тұрғыда зерттеп, ізденіс жолына түсетін жас күйшілеріміз көбейе түседі деп сенемін, – деді ол.
Айта кетелік, аталмыш байқау облыстық халық шығармашылығы орталығы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, аудандық мәдени-демалыс  орталығының ұйымдастыруымен және аудан әкімдігі мен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының зор қолдауымен өткізілді.

IMG-20250619-WA0011
Гала-концерт халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің орындауында “Махамбет”  күйімен түйінделді.

Арайлым Есмағұлова,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале