Ұялы, Мұратсай, Сайқын ауылдық округіне қарасты Жәрмеңке елді мекенінің тұрғындары «Тышқан тәрізді мақұлық толып кетті. Толып кеткені соншалық мысық пақырың пысқырып та қарамайтын болды. Бір ғажабы үйдің фундаментіне дейін тесіп кірді. Өзі құйттай болғанымен, тісі мықты, көбеюі сұрапыл. Бір балалағанда сегіз-тоғызын бір шығарады» десті. Әсірелеп айтқаны болар дестік. Тобықтан қағып, өзімізбен бірге үйде жүр дегендері секем туғызды.
Осыны естіп, біз де атқа қондық. Ең жақын деген Жәрмеңкеге бардық. Біз бас сұққан үйдің иесі Қалқаман Абдуллин ағамыз:
– Бұл мақұлықтың тісі мықты екен. Цементті, фундаментті тесіп өтіп, үйге кірді. Үй тышқаны сияқты тесік, қуыс іздемейді. Төпетіп, өзі тесіп кіреді. Қорқыныштысы сол, бір-бірін жейді екен. О заман да бұ заман, мұндай тажал көрмеп едім,-дейді.
– Биыл адамзатқа ауыр жыл боп тұр ғой. Вирус жағадан алғанда, кене, тышқан етектен алып тұр. Қазір сәл нәрседен секемденетін болдық қой. Коронавирус та жарқанаттан шықты деді ме? Адамнан мүлдем сескенбейтін шолақ құйрық, бейтаныс тышқан көз алдымызда күрт көбейіп жатқан соң мазасызданғанымыз рас. Бетін әрмен қылсын. Қыстың қарлы-борансыз болғанынан, жаңбырдың селдетіп көп жауғанынан көбейіп кетті, еш ауру таратпайды деген қорытынды шықса екен. Көңіліміз тыншаяр еді,- дейді Жәрмеңке тұрғыны Салтанат Әбдірова.
Тышқанның өзін көрмесек те, өлігін көрдік. Шынашақтай пәле екен. Сегіз-тоғыз тышқан балалайтындай, фундаментті тесіп кіретіндей аждаһа емес сияқты.
Жаңақала обаға қарсы күрес бөлімшесінің басшысы Мейрам Берденовке хабарластық. Мейрам ағаның айтуымен тышқанмен де таныс болдық. Ел шошытқан мақұлықтың ғылыми атауы – табынды тоқалтіс. Аты айтып тұрғандай, табын-тобырымен бірге өмір сүретін, тез көбейгіш мақұлық екен.
– Табынды тоқалтіс тек бірінші рет пайда боп тұрған жоқ. Табиғаттың жағдайына, ауа райына қарай 3-4 жылда, тіпті 4-5 жылда бір бой көрсетіп тұратын тіршілік иесі. Жыныстық жағынан тез жетіледі. Екі айынан бастап көбеюге қабілетті. Бір балалағанда 1-15-ке дейін балалайды. Бұл енді сирек жағдайда. Ал тоқалтіс жылына бір емес, екі-үш рет туады. Биыл Бөкей ордасының Ұялы, Мұратсай, Жаңақала мен Жәнібектің Күйгенкөл ауылдарында көбейіп кетті. Мамандарымыз барып, тышқан аулап, материалын зертханаға әкеп, сараптамалық талдау жасады. Бактериялық инфекцияға зерттеу жүргізілді. Оба, туляремия белгілері анықталмады. Дәл қазіргі таңда «Орда» зертханасы Хан ордасында жұмыс жасап жатыр. Әлі де зерттеу жалғасуда. Қандайма бір ауру белгілері анықталған жағдайда көпшілікті хабардар ететін боламыз. Ал әзірше дүрлігуге негіз жоқ, - дейді бөлім басшысы Мейрам Жұмағазыұлы.
«Орда» зертханасы көктем мен күзде ауданға арнайы кеп, дала мақұлықтарының қауіпсіздігін анықтайтын маусымдық зертхана. Кездейсоқ пайда болған, шамадан тыс көбейіп кеткен тіршілік иелерінің бәрін бақылауда ұстап, сараптама жасап отырады. Осы кезге дейін жүргізілген сараптамалар тоқалтістердің залалсыз екенін айтады.
Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz