Кеше аудандық демалыс орталығында бас қаламыздың құрметіне салтанатты жиын өтті. «Жаса, жайна ару қалам-Астанам» атты шара шымылдығы аудан басшысы Нұрлыбек Даумовтың құттықтау сөзімен түрілді.
Мерекелік шарада еселі еңбектерімен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлес қосқан бірқатар жерлесіміз марапатқа ие болды.
Сонымен бірге нақ осы шара барысында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінің жүлдегерлері де анықталды.
Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты. Бұл концерттің басқа концерттік шаралардан айырмашылығы жүргізушілерден бастап, әншілерге дейін көрермен үшін жаңа есім болды. Қалың көрермен Астананы әнге қосқан саралжындық Жанаргүл Қуанышева, ханордалық Бағдагүл Мұханбетқалиева, Ерасыл Сәрсенбекұлы, Сұлушаш Ғұбашева мен Ақбота Ұзақбайлардың өнеріне тәнті болды. Ақ жаулықты әжелеріміз аға буын сүйіп орындап, сүйсіне тыңдаған ретро туындыны тамылжытса, "Надежда" би ансамблі мың бұралған билерімен шара шырайын айшықтай түсті.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы