Күні кеше Саралжында басталған сапар бүгін де жалғасын тапты. Аудан, округ әкімдерінің есептік кездесуі бұл жолы Бисен, Мұратсай ауылдық округтерінде өтті. Аудан басшысы Нұрлыбек Даумов бастап, аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Дәурен Сертеков, жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Карин, аудандық аурухана басшысы Әнуар Сапаров қостаған жұмыс тобы округ тұрғындарымен жеке қабылдау өткізіп, сұрақтарына жауап берді.

Кездесу әдеттегідей округ әкімдерінің есеп беруімен басталды. Бисен ауылдық округінің әкімі Кенжебек Құрмашевтің айтуынша, бюджет қаржысы мақсатты игерілуде. Қазына қаржысы елді мекендердің тазалығына, көгалдандыру жұмыстарына, күл-қоқыс полигонын қоршауға, мал моласының құрылысына, жаяу жүргінші жолдарына жол белгілерін орнатуға, көшелерді жарықтандыруға және шағын футбол алаңын салуға жұмсалыпты. Биыл Жиекқұм су нысанын қоршау, айыппұл тұрағын салу, әкімшілік ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, Жетібай ауылына клуб салу, ауылдың ішкі жолдарын асфальттау сияқты жұмыстар жоспарланыпты.

Жарыссөзде сөз алған Ермек Меңдешов сумен қамтамасыз етудегі мәселені аудан басшысының назарына ұсынды. Бұдан өзге Пахманұлы ауылды абаттандыру жұмыстарының көлемін арттыру, ауылға кіреберіс көшелердің жарықсыз екенін айтып, көше шамдарын ауыстыруды сұрады.

Ауыл ақсақалы Молдабай Минажев бір емес бірнеше мәселені тілге тиек етті. Атап айтқанда, малды қолдан ұрықтандыру жұмыстарын қолға алу қажеттілігін, Жетібай, Жиекқұмға құм көшкінінің алдын алц үшін жыңғыл, сексеуіл егу керектігін, Бисеннің бес көшесіне асфальт жабын төсеу қажеттігін, мал азығына дайындықты ерте бастан қолға алу керектігін айтты.
Мұратсай ауылдық округінің әкімі Бисен Қадыров та бюджеттің әр тиынының қалай, қайда жұмсалғанына есеп беріп, ауылдың аға буынының қолдауымен, жергілікті халықтың ұйымшылдығымен қолға алынған істер туралы баяндады. Әкімнің айтуынша, биыл Мұратсай ауылының және ауыл мектебінің елу жылдық мерейтойы атап өтілмек. Айтулы шараның жоспары құрылып, ауыл халқынан қаржы жиналыпты. Бұйыртса, ауыл тарихын тақырып еткен энциклопедия да жарық көрмекші екен.
Ауыл әкімдерімен қатар аудан басшысы Нұрлыбек Даумов та ағымдағы жылдың төрт айында атқарылған іс-шаралар турасында мәлімдеп, ауданның тыныс-тіршілігінен хабардар етті.

Жарыссөзде сөз алып, елдік мәселк көтерген ауыл тұрғындарының сұрақтарына толыққанды жауап берді. Есептік кездесуде көтерілген барлық мәселе хаттамаға енгізілді.
Әдеттегідей, кездесу жеке қабылдаумен жалғасты. Аудан әкіміне жүгінген көпшіліктің басты мәселесі - тұрақты жұмыс орны, баспана мәселесі, жер тапшылығы.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы