17.05.2025, 0:00
Оқылды: 314

Бөкей ордасы ауданы: кездесу Хан ордасында жалғасты

Бүгін әкім мен әлеуметтің ашық диаологы ретінде өтетін есептік кездесу Хан ордасында жалғасты.

IMG-20250515-WA0086

Әдеттегідей ауылдағы ағайынмен кездесуге аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева бастаған бірқатар мекеме басшылары арнайы келді.
Алдымен сөз алған округ әкімі Әлібек Айтқалиев ағымдағы жылдың алғашқы жартысында атқарылған істер мен жоспарға алынған жобалар туралы мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылдың І тоқсанында 18 млн теңгеден астам салықтық кіріс түскен.
Бір ғана Хан ордасы ауылдық округі бойынша 129 шаруа қожалығы тіркелген. Мал басында айтарлықтай өсім бар. Бес бірдей қожалық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады.
Ауылды абаттандыруда бірқатар жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, округ орталығында арық салынып, Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған мемориалдық кешен мен қаһарман Мәншүктің ескерткіші жаңартылған, көшеттер отырғызылған екен.
Республика бойынша ішкі туризм саласындағы алғашқы бестікке енген Хан ордасындағы «Жасқұс» қонақүйі, әкімшілік ғимараттың күрделі жөндеуден өткізіліп, хан мәйітінің қоршалғаны құба-құп болған екен. Бұған қоса Бисен ауылынан Сейітқали елді мекеніне барар жол жарықтандырылған. Алдағы уақытта Хан ордасының бес бірдей көшесіне қатқыл табанды жол, Жәңгір хан көшесіне тротуар салынбақшы. Дегенмен, мәселенің мұнымен бітпейтіні анық. Ауылдық округке қоса үш елді мекенде 151 жұмыссыз тіркелген.
Несие, арнаулы қолдау бағдарламалары бойынша қомақты қаржы алып, кәсіп бастауға ниеттілер де баршылық екен. Автокөлік жөндеу стансасын, жанармай құю стансасын ашуға ниеттілер баршылық.
Өз кезегінде сөз алған Нұрлыбек Даумов ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалымен таныстырып, алдағы уақытта қолға алынатын жобалар жайымен таныстырып өтті.

IMG-20250515-WA0085
Жарыссөзде сөз алған аудандық мәслихат депутаты Асылболат Оңаев Қарасу елді мекеніндегі клубтың музыкалық аппаратураларын жаңартуды, ауылдық мәдениет үйі жанындағы би ансамблін костюммен қамтамасыз етуді, ауылға тағы бір футбол алаңын салуды, Үштеректегі фельдшерлік амбулаториялық пункті қоршап беруді сұрады. Музей-қорық кешенінің басшысы Ғайса Махимов келімді-кетімді көп ауылда асхана мәселесінің шешілмей тұрғанын, екі көшеге төселген асфальтты сақтау үшін жүк көліктері, тракторларға шектеу қою қажеттігін мәселе ғып көтерді. Темірболатұлы көтерген мәселе тек мұнымен шектелмеді.
–Балалар-жасөспірімдер туризм орталығының филиалы ашылса, нұсқаушы бекітілсе, туризм маршруты кеңейер еді, - деген ұсынысын да айтты.
Қарасулық Райхан Ғазезова баспанасының тозып тұрғанын айтып, баспана мәселесін шешіп беруді сұраса, Жандарбек Шакиров пен Амангелді Қажипанов шөп бағасын тұрақтандыру, ауылмен іргелес қоныстанған қожалықтар мәселесін көтерді. Ал өрт сөндіруші Есмұқан Жабасов Хан ордасына гидранттар қажет екенін айтты.
Есептік кездесу жеке қабылдаумен жалғасты. Әкімге жүгінгендердің көпшілігі тұрақты жұмыс, баспана мәселесін көтерді.

Ұлпан Әнуарқызы,
Суретке түсірген Әділет Абдиров

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале