Бөкей ордасы аудан әкімдігінде 18 тамыз – ҚР шекарашылар күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Мемлекеттік гимнмен басталған шара аудан басшысы Нұрлыбек Даумовтың сала қызметкерлері мен ардагерлерін құттықтауымен жалғасты.
- Сіздерді 18 тамыз кәсіби мерекелеріңіз Шекарашылар күнімен құттықтаймын!
Өздеріңіз білетіндей, мемлекеттің қауіпсіздігі шекарадан басталады, ал шекарашы мамандығы күрделі және жауапты. Шекарашы бұл Отанға шексіз берілгендік пен нағыз кәсібилікті, шыдамдылық пен тәртіпті талап ететін құрметті және беделді қызмет. Біздің шекарашылар трансшекаралық қылмысқа, халықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз көші-қонға, елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігін бұзуға сенімді тосқауыл қоя отырып, батыр бабалардың жауынгерлік дәстүрін абыроймен жалғап келеді.
Құрметті шекарашылар!
Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, қызметте табыс пен бейбіт шекара тыныштығын тілеймін! - деді Нұрлыбек Даумов.
Сонымен бірге Нұрлыбек Жасқайратұлы мереке иелеріне алғысхат табыстады.
Аудан әкімінің алғысхатымен шекара қызметінің ардагері Алтын Ерғалиева, "Орда" шекара бөлімшесінің санитарлық нұсқаушысы Назгүл Ғұбашева, "Орда" шекара бөлімшесінің старшинасы, аға сержанты Асқарбек Ахатов, "Сайқын" шекаралық бақылау бөлімшесінің бақылаушысы, сержант Нұрлыбек Иманбаев, "Шоңай" шекара бөлімшесінің старшинасы, аға сержанты Арман Аманбаев, "Шоңай" шекара бөлімшесінің аға технигі, сержант Асылан Отарбаев марапатталды.
Ақсәуле Әлжанова,
Бөкей ордасы ауданы