ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нариман Төреғалиев, Ләззат Рысбекова және облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева Бөкей ордасы ауданына арнайы жұмыс сапарымен барды.
Бірінші, делегация Хан ордасы ауылына барып, «Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» коммуналдық мекемесінің жұмыс барысымен танысты.
Кездесу барысында аталмыш мекеме басшысы Ақылбек Әлсейтов ішкі жұмыс жоспарларымен бөлісті.
– Орман шаруашылығының жалпы көлемі 16405 гектарды құрайды. Соның 5027 га жері орманмен көмкерілген. Орналастыру шешіміне сәйкес орман шаруашылығының аумағы екі шеберлік аумаққа бөлінген. Жалпы, мекеме жыл сайын 95 га құрайтын аумаққа екпе көшеттерін отырғызу жұмыстарын жүргізеді. Президент жолдауына сәйкес алдағы бес жылда 1500 га аумаққа 4 млн 500 мың түп көшет отырғызу жоспарлануда, – деді мекеме басшысы.
Сонымен қатар Ақылбек Әлсейтов мекеменің орман тұқымбағымен таныстырып өтті. Оның айтуынша бұл жерде 43 мың түп қарағай, 100 мың түп жыңғыл және жиде, қарағаш, қарақат, ива талы, өрік, емен көшеттері өсірілуде екен. Ал мекеменің биылғы жоспарына сәйкес тәжірибе ретінде 5000 тал қарапайым қарағай отырғызылған.
Өз кезегінде Нариман Төреғалиев жалпы көгалдандыру жұмыстары болашаққа салынған инвестиция екенін айтып, мекеме басшысының жоспарын қолдайтынын жеткізді.
Хан ордасындағы іссапар Облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей қорығында жалғасын тапты. Парламент сенаторлары тарихи орындарды аралаумен қатар музей- қорықтың реставрациялық қалпына келтіру, туризмді дамыту бағытындағы, визит-орталығы, әкімшілік ғимарат салу құрылыс жұмыстарымен танысты.
- Қазіргі таңда визит-орталығы және екі қабатты әкімшілік ғимаратының құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайын. Бұл жоспарымызды іске асыру үшін 400 миллион теңгеден астам қаражат керек. Әрине, бұл өте көп сома. Дегенмен еліміздің туризм саласын дамыту мақсатында, сонымен қатар жалпы музейіміздің республикалық маңызы бар нысан екенін ескере отыра аталмыш жұмыстар қажетті деген ойдамын, – деді тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей басшысы Ғайса Махимов.
Құрылыс жұмыстары жоспарымен қағаз жүзінде танысқан Нариман Төреғалиев музей басшысының пікірімен толықтай келісіп, «ҚР туризм саласын дамыту 2019-2025» бағдарламасы арқылы аталмыш жоспарды жүзеге асыруға мүдделілігін танытты.
Сонымен қатар тарихи маңызы бар ғимараттардың реставрация жұмыстары да қонақтар назарына ұсынылды.
- Жалпы Хан ордасы ауылында тарихи маңызы бар ғимараттар жеткілікті. Қазіргі таңда сол ғимараттарды музей меншігіне өткізу жұмыстарын қолға алмақпыз. Дегенмен, реставрация жұмыстарын қажет етіп тұрған музей меншігіндегі ғимараттарымыз да баршылық. Тек биылғы жылы 1852 жылы салынған стационарлық аурухананың жөндеу жұмыстарын жүргізсек деген ойымыз бар. Қазіргі таңда керекті құжаттар дайындалуда, – деді Ғайса Махимов.
«Ақбота» балабақшасы да делегация назарынан тыс қалмады. Бүлдіршіндердің алты тобын тәрбиелеп отырған ғимарат өткен жылы күрделі жөндеуден өткен еді.
– Соңғы жөндеу жұмыстары 2004 жылы жасалған болатын. 2012 жылы кішігірім ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал өткен жылы ғимаратымыз түбейгейлі күрделі жөндеуден өтіп, жиһаз, ойыншықтарымызға, ыдыс-аяқ, төсек-жабындарымызға дейін бір жаңарып қалдық, – деді бөбекжай директоры Аягөз Түсіпқалиева.
Жалпы жөндеу жұмысына 125 млн 381 мың теңге қаржы жұмсалған. Аталмыш сомаға ішкі және сыртқы жұмыстары жүзеге асырылды. Нәтижесінде бөбекжайымыздың керегесі кеңейіп, топ саны да көбейіп отыр. Сәйкесінше, ауылдастарымызға да тұрақты жұмыс орны табылды. Қазір алты топ жұмыс жасайды. Әр топ кем дегенде 30 бүлдіршінді қамтиды. Дегенмен пандемияға байланысты бала санын 15-тен асырмаймыз, – дейді бөбекжай басшысы.
Іссапар соңында сенат депутаттары пантеонға арнайы барып, бабаларымыздың рухына дұға бағыштап, тағзым етті.
Еркебұлан Бисенғалиев,
Бөкей ордасы ауданы