13.05.2025, 23:00
Оқылды: 160

Бөкей ордасы ауданында өткен байқауда ұялылық Гүлсезім «Үздік кондитер» атанды

Аналар күніне орай аудандық «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Арайлым Есмағұлованың ұйымдастыруымен және аудандық ішкі саясат бөлімі мен Бөкей ордасы колледжінің қолдауымен әуесқой кондитерлер арасында «Үздік кондитер – 2025» атты байқау өтіп, оған Сайқын, Бисен және Ұялы ауылдарынан төрт кондитер қатысты.

IMG_1356

Бұл сайыс тек шеберлік байқауы ғана емес, жүрекпен жасалған шын өнердің мерекесіне айналды. Кондитерлердің әр туындысы – шабыт пен махаббаттың, төзім мен талғамның жемісі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Шараның ашылуына арнайы қатысқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Исатай Құрмашев аталмыш шараның маңыздылығына тоқталып өтті
– «Кондитерлік өнер – бұл тек тағам әзірлеу ғана емес, бұл – эстетика, талғам және еңбектің көрінісі. Мұндай байқаулар осы салаға енді ғана қадам басқан кондитерлердің дамуына жол ашады, шабыт береді», – деп жиылған қауымды Аналар күнімен құттықтады. Сондай-ақ, «Бөкей ордасы білім саласы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нейля Нарболова да қатысушыларға сәттілік тіледі.

IMG_1355
​Тәтті шеберлері сынға түскен сайыс үш кезеңді қамтыды. Алғашқы кезең «Үй тапсырмасы» деп аталды. Бұл сында қатысушылар үйлерінен торт жасап әкелді. Қазылар алқасы әр тортты мұқият саралап, дәмін көріп, эстетикалық тұрғыдан безендірілуіне мән беріп, т.б талаптар бойынша бағалады.
Екінші кезең «Ерекше эклер» деп аталды. Бұл кезеңнің ерекшелігі тек ұйымдастырушылар ұсынған қоспаларды қолдану арқылы эклерді жасап шығарулары керек болды. Қатысушылар 60 минуттың ішінде эклердің қамырын дайындап, пісіріп, суытып, кремін қосып, безендіруге тырысты.
«Тез әрі тәтті» атты үшінші кезеңде қатысушылар печенье үгінділерінен 20 минуттың ішінде «Картошка» тәттісін жасады және өз қалаулары бойынша әсемдеді.
Үш кезең бойынша да қатысушыларға Бөкей ордасы колледжінің өндірістік оқыту шебері Нұрсұлу Хамидуллина, жеке кәсіпкер әрі кәсіби кондитер Диляра Ғабдуллина, «Нарын шуағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Арайлым Есмағұловалар төрелік етті. Қазылар алқасы тек дәм мен сапаға емес, көркемдікке, үйлесім мен тың идеяларға да ерекше назар аударды.

IMG_1354

Тартысты да қызықты өткен байқауда бас жүлде, яғни, арнайы статуэтка ұялылық Гүлсезім Талиповаға бұйырды. Торт пісірудің шебері ғана емес, нағыз суретші екен. Торттың бетіне өз қолымен анасы мен балаларының бейнесін әсем бедерлепті. Трафаретті де, басқа да көмекші құралды қолданбады. Бірінші орыннан көрінген көп балалы ана Баршагүл Есенғалиева ұсынған торты да дәмі тіл үйіреді. Торттың бетін гүлмен көмкеріп, әдемі безендірген. Қазылар алқасы бұл қатысушының әр кезең сайын жасаған тәттілеріне жоғары бағасын беріп отырды. Бисендік Әйгерім Баймұқанова екінші орынға ие болды. Алғашқы кезеңде көрсеткен үй тапсырмасы тек қазыларды ғана емес, көрермендерді де тәнті қылды. Ұлттық тағамды, яғни, қойдың басын, туралған пияз бен картопты мастикадан айнытпай жасап, таңқалдырды. Торттың бетіне астың көрінісін әдемі үйлестірген. Үздік үштікті түйіндеген Орынгүл Маралова да олардан қалыс қалған жоқ. Сүтті қыз бәлішін біркелкі түспен бояп, жүрекшелерді үйлестіре орналастырып, ана туралы ең әсерлі сөздерді келтірген.

​Айта кетелік, жүлдегердің әрқайсысы ұйымдастырушылардың тарапынан естелік сыйлықтар мен 30,20,15,10 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Диляра Ғабдуллина да өз атынан ақшалай сыйлық тарту етті.

#АналаркүніБҚО2025
#МеніңанамБҚО2025

Нұрай Таубай
Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале