1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күніне орай аудан орталығындағы барлық мекеме ұжымдары, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер мүшелері мен тұрғындары салтанатты түрде сап түзеп, «Күйшілер» саябағына жиналды.
Салтанатты шеруде аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов пен облыстық соттың төрағасы Б.Әменовтың алғысхатын ауданның құрметті азаматы Ноқаш Қадымовқа табыстаса, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дмитрий Семилидиге алғысхат берді.
Мерекелік салтанат одан әрі Қазақстанда тұратын өзге ұлттардың дәстүрін таныту, ана тілімізді, Отанын сүйіп, басқа ұлт өкілдерін құрметтеу, бейбітшілік пен тұрақтылықты насихаттау мақсатында мекемелер арасында «Қазақстан – татулық пен бірліктің ордасы» атты фестивальмен жалғасты. Онда М.Мәметова мен М-С.Бабажанов атындағы орта мектептердің ұжымдары украин және түрік тілінде ізгі тілектерін жеткізіп, би билесе, «Ер Төстік» бөбекжайы ұжымы татар тілінде ән салып, ұлттық билерін бүлдіршіндермен бірге билеп, көрермендердің зор құрметіне бөленді. Жер жаһанға әйгілі махаббат күмбезі Тәж-Махал сынды сәулеттік жауһардың, терең қайнарлы би мен саздың, ғажайып үнді киносы мен жұпар иісті үнді шайының елі, яғни, үндістандықтарды мектептен тыс тәрбие және балалар техникалық шығармашылығы орталығының ұжымдары сахналаса, «Қазақ-қырғыз бір туған...» деп ата-бабамыз айтқандай, аудандық және балалар кітапханасы ұжымдары қырғызша сәлемдесіп, мың бұрала биледі. Ал, аудандық балалар саз мектебі грекше, Бөкей ордасы колледжі, «Луч доба» славян халықтары бірлестігі орысша ән айтып, би билесе, туризм және экология орталығы қызметкерлері ана тілімізде құттықтап, қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс қойып, тамылжыта ән салды.
Шара соңында барлық қатысушыларға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Айша ТІЛЕКҚЫЗЫ
Бөкей ордасы ауданы