26.12.2019, 11:07
Оқылды: 33

Бөкей ордасында 124 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген

Бөкей ордасы ауданында жыл басынан бері қылмыстың кей түрінде өсім байқалып отыр. Артта қалған он бір айда 124 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп, ұсақ бұзақылық, отбасы, тұрмыстық қарым-қатынас барысында орын алған қылмыс, мас күйінде көлік жүргізу фактілері бойынша өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар. Мал ұрлығы бойынша облыс көлемінде көш бастап отырғанымыз  бұрыннан белгілі.

Orda

Осы мәселелердің барлығы аудан активінің жылжабар отырысында баяндалды.

– Мал ұрлығы ашылмай отыр. Он екі қылмыс ашылмады. Мал қожайыны кеш хабар береді. Оқиға ізі суып үлгереді. Көп жағдайда бағымсыз мал ұрыларға жем боп отыр. Бисен, Хан ордасы тұрғындарының мал ұрлану дерегіне қатысты бес бірдей эпизод ойынша іс қозғалып, сотқа жолданды. Кісі өлтіру фактісі мен бопсалауға қатысты қылмыстық іс тергеп-тексеріліп, сотқа жолданды. Қылмыстық фактілерін қатарын жалған сараптама беру фактісі толықтырып отыр. Бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Көбейіп отырған істің бірі – пәтер ұрлығы. 2015 жылы із-түзсіз жоғалып кеткен Марат Құспанов та әлі күнге табылған жоқ. Іс әлі күнге күн тәртібінде, - деп баяндады АІІБ бастығының міндетін атқарушы полиция майоры Жангелді Салауатов.

 Аудандық ішкі істер бөлімінің басты мәселесінің бірі – кадр тапшылығы.

– Бұл мәселе бойынша облыстық ішкі істер департаменті басшылығына да арнайы хабарласып, шалғай жатқан, малды ауданның полиция маманымен қамтамасыз етілуін шешіп берсеңіз деген ұсыныс айтылған еді. мәселе сол айтылған күйі, еш өзгеріссіз тұр. Құрғақ уәдемен ғана шектеліп отыр. Учаскелік инспекторлар жетіспеушілігі қылмыстың артуына бірден бір кепіл емес пе? - деді аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов.

Жаңа жылдан бастап, қолданысқа енгелі тұрған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы бүгінгі күннің «хит тақырыбы» десе болады. Аудандық аурухана басшысы Анарбек Белисанов МӘМС туралы баяндама жасап, артықшылықтары, жүзеге асу жолдары, жарна кімге, қалай төленетіні туралы слайд арқылы егжей-тегжейлі баяндап берді.

Аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы Асхат Сан әскери есепке алу мәселесі туралы айтты. Подполковник Асхат Жанботаұлының айтуынша, аудан халқының 3136-сы әскери есептегілер екен.

 Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ақылбек Сағитов жыл бойында орын алған өрт оқиғаларына тоқталып, орын алған төтенше жағдайларды ауыздықтау шараларынан хабарлама жасады. Таратып айтсақ, 12 айда тоғыз өрт оқиғасы тіркелген. Қуанарлығы, өрт оқиғаларының бәрі де адам шығынынсыз болды.

Баяндамашының мәліметі бойынша ауданда екі мемлекеттік өрт сөндіру бекеті (Сайқын, Хан ордасында), бір мемлекеттік емес өрт сөндіру бекеті (Ұялыда) жұмыс жасайды. Бұл сала бойынша да маман тапшылығы бар. Төрт бірдей бос орын өрт сөндіруші қызметіне ниет еткендерді күтуде.

Активтің қорытынды жиынында өзге де мәселелер қозғалып, нақты тапсырмалар берілді.

Ұлпан Әнуарқызы

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале