Бөкей ордасында мәні бөлек той басталды. Мектеп бітірер-бітірместен соғысқа аттанып, Отан қорғап, елге аман келген соң тұралап қалған шаруашылықты туралап, аудан еңсесін тіктеуге еселі еңбек еткен Рахметолла Егізбаев, Мұрат Насимоллин, Қадер Ғайсин, Кенжебек Меңдалиев пен Кеңес одағының батыры Ахмедияр Құсайыновтардың ғасыр тойы кең ауқымда тойланып жатыр.
Аламан тойдың бағдарламасы да ауқымды. Алыптар құрметіне ғылыми конференция, ақындар айтысы өткізіліп, ас та берілмекші. Ғасырлық той дала қызықтарымен түйінделмекші.
Той ескерткіштерге гүл шоқтарын қоюдан басталды. Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов пен ауданның «Құрметті азаматы» Болат Лұқпанов «Социалистік еңбек елдерінің» тақтасына, аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева мен ардагер ұстаз Каспи Жахатов батыр Ахмедияр Құсайыновтың ескерткішіне, көршілес Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов пен ауданымыздың «Құрметті азаматы», еңбек ардагері Жаңбырбай Камалов қаһарман Темір Масиннің ескерткішіне, өлкетанушы Нурлан Сәдір мен Мұрат Насимоллиннің ұлы Жамбыл Мұратұлы батыр Мәншүктің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, аға буынның рухтарына тағзым етті.