Бөкей Ордасы ауданы Бисен ауылында батагөйлердің аудандық байқауы өтті.
Сонымен, көктеректік ақын Қадырбай Айтасов домбырамен арнау өлеңін төгілтіп байқауды ашса, округ әкімі Қайырсапар Саматов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайролла Сабыров және аудандық демалыс орталығының директоры Жоламан Сейсенғалиев дуалы ауыздан шыққан бата-тілектердің қадыр-қасиетін сөз етті. Жоламан Бауыржанұлы бисендік домбырашы Ғиният ата Құбиевті 90 жасымен құттықтап, иығына шапан жапты. Содан кейін төрт айналымнан тұратын байқау басталып кетті.
«Сөз басы әлеуметпен амандасу» атты алғашқы бөлімде қариялар домбыраларын шерте отырып, жеті атасынан бастап таныстырса, «Өнегелі өсиет – бізге сіңген қасиетте» тарихта ізі қалған би, шешен, батырлар мен көсемдердің ұлағатты сөздерінен, жырларынан үзінділер келтіре отырып, ұлттық тәрбиені насихаттады. Үшінші «Өнер байқауында» қазыналы қарияларымыз ескіден келе жатқан батаның небір түрін төгілтіп, соңғы «Батамен ел көгерерде» өз жандарынан шығарғандарын да көпшілік назарына ұсынды.
Осылайша, жиналған қауым ойға түрткі, ақылға дем беретін осы салтымыздың ерекшелігін енді ұғынғандай әсерге бөленді. Әр қатысушыға қошеметпен қол соғып, ерекше құрмет те көрсетті. Байқау қорытындысында ұялылық Ерболат Имашев шежірелі, жиекқұмдық Елеусін Рысқалиев дана, сайқындық Зейнетолла Әлжанов зерделі, бисендік Ерболат Құбиев өнегелі қария аталымдарын иеленді. Бас жүлде («Батагөй қария») мұратсайлық Каспий ата Жахатовқа табысталды. «Бата сыйы – шапан» демекші, ақсақалдардың барлығының иығына шапан жабылып, алғысхаттармен марапатталды. Оларға арналған дастархан басында да талай тағылымды әңгімелердің тиегі ағытылып, жарасты әзіл, әсем ән мен тәтті күйге көп орын берілді.
Екатерина МӨКЕШЕВА,
Бөкей ордасы ауданы