30.09.2021, 10:48
Оқылды: 44

Бөкей ордасында бес жылда 38,7 мың тал егілмек

Хан ордасында ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен жиын өтті. Басқосуда  мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың  «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы экологиялық ахуалды жақсартуға қатысты тапсырмасын іске асыру жайы арқау болды.

2

Шараның тізгіншісі аудан әкімі Нұрлыбек Даумов:

-­Мемлекет басшысы Жолдауында көтерілген мәселе тек жасыл желектің санын арттырып қана қоймай, экожүйеге түскен ауыртпалдықты азайтып, жасыл белдеу мөлшерін арттырып, климатты тазартатыны көпке аян. Ағаш отырғызсақ, құм көшкінінің де алдын аламыз. Президентіміз алдағы бес жыл ішінде орман алқабына екі миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш егуді тапсырған еді. Осы орайда табиғатты тиімді пайдалануды көздейтін заңнамалар қайта қаралып, тиісті бағдарламалар қабылданды. Жасыл аймақ құрудың өңірлік жоспары бекітілді. Осы жоспар қалай жасалды, кедергі қандай? Жетілдіруді қажет ететін тұсы қалай? Осы тақырыпта кеңес құрып, пікір алмасайық, - деді сөз бастап.

1

Алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев:

-Жасыл аймақ құрудың өңірлік бағдарламасына сәйкес ауданымызда осы бесжылдықта 38,7 мың ағаш түптерін 13,3 га жерге егу көзделген. Жоспарды іске асыруда жерлігікті бюджеттен және демеушілерден 43,5 миллион теңге қарастырылмақшы. Республика көлемінде қолға алынған бағдарламаның қаржысы да бөленері анық. Осы орай мектеп түлектерін де тартсақ, ертеңгі ұрпаққа үлкен сый боп қалатын тал еккеніміз әлдеқайда тиімді сый екенін ұққанымыз дұрыс, - дейді өз сөзінде.

Бұдан кейін сөз алған ауданымыздың бас орманшысы Ақылбек Әлсейітов өзі басқарып отырған мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, ауылды абаттандыруды ниет еткен округ әкімдерге кәсіби кеңестерін де ұсынды.

-22 гектар жерге орман екпелерін отырғызу жұмыстары жүргізіліп, күзде қалған 25 гектар ағаш отырғызу іс-шаралары жоспарланып, мемлекеттік орман қоры жерлеріне қазан, қарашада 95 га жерге егу жұмыстары жүргізіледі. Тұқымбақтарда қарағай, емен, мақтаншақ терек, шеңгіл мен жыңғыл, жиде, қарапайым шырша, қарағаш, жылауық тал мен өрік, сексеуіл сияқты ағаштардың 173,5 мың көшеті өсіп тұр. Қызылордадағы әріптестерімізден сексеуілдің тұқымы алынды, - дейді Ақылбек Ғұмарұлы.

index

Бас орманшы біздің өлкенің табиғатына қарағаш, самырсын, жиде, жыңғыл, сексеуілдің аса қолайлы екенін айтады. Оның айтуынша, аса бір күтімді қажет етпейді делінетін қарағашты бастапқы екі жылда апта сайын  суарып тұру керек, ал мақтаншақ терек су талғайды,  су ащы болса, өліп қалады екен. Ағаш отырғызар алдына көшет егілетін орынды гидрогельмен өңдеу үлкен нәтиже береді дейді.

Бұдан кейін сөз алған Сайқын ауылдық округінің әкімі Нұргүл Омарова ауылды абаттандыру іс-шарасының жоспарымен таныстырып өтті.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Нұрлыбек Даумов:

Тал-терек егу нәтижесі бөлінген қаржыға емес, ең алдымен ниетке тікелей байланысты. Егер күтімі болмаса, қырық бес миллион теңгеміз желге ұшқан қаржы болмақ. Ол үшін тал-терек отырғызуды ағымдағы акция деп емес, келер ұрпаққа қалдырар мұрамыз деп түсінгеніміз дұрыс, − деді.

Шара соңында қатысушылар Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ-сіне барып, тұқымбақтағы көшеттерді тамашалап өтті.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале