10.04.2018, 14:24
Оқылды: 86

Бөкей Ордасында денсаулық күні аталып өтті

копияДүниежүзілік денсаулық күніне орай «Сау болу – сәнді» ұранымен денсаулық акциясы өтті. Аудандық аурухана ұжымының ұйымдастыруымен Мәдениет үйі алдындағы алаңқайда өткен бұл шараға аудан орталығындағы мекемелердің, білім ошақтарының қызметкерлері мен оқушы, студенттері көптеп қатысты.

 «Бұқаралық спорт әрбір жетістікке өзіндік септігін тигізеді»,-деген аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов спорт залдар мен футбол алаңдарын кәдеге асырып, салауатты өмір салтын серік етуге шақырды. Өз кезегінде аудандық орталықтандырылған аурухананың бас дәрігері Анарбек Белисанов гиподинамия (қимыл-қозғалыстың аздығы) салдарынан қан тамыр бұзылысы, қант диабеті сынды аурулар жиі ұшырасатынын, оның алдын алудың бірден-бір жолы дене шынықтыру екеніне назар аударды. Әрі акцияға белсене қатысып, денсаулық кепілі саналатын қозғалысты бүгіннен бастауға үндеді.

Акция барысында қатысушылар аталмыш мекеменің дене шынықтыру маманы Мерей Бисембаевтың нұсқауымен дене қыздыру жаттығуларын орындап, көркемөнерпаздардың әсем әнін тыңдап, «Орда гүлдері» ансамбілінің «Қара жорға» ырғақты биіне, колледж студенттерінің «Қазақстан» флеш-мобына қосылды. Сонымен қатар, Мәдениет үйі фойесіндегі салауатты өмір салтын насихаттаған бейнероликтерді тамашалап, бірқатар жерлестер қант мөлшері мен артериялық қысымын тексертті. Осылайша, қозғалысты дәріптеген акция мәреге жетіп, жұртшылық көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.

Раушан БАҚЫТОВА

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале