29.09.2023, 17:00
Оқылды: 140

Бөкей ордасында Ғайсағали Сейтақтың шығармашылық кеші өтті

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Бөкей ордасы ауданының «Құрметті азаматы» Ғайсағали Сейтақтың 65 жасқа толуына орай «Жығылмас жалғыз бар туым» атты кездесу кеші өтті. Поэзия патшалық құрған бұл кеште мектеп табалдырығын енді аттаған кіп-кішкентай бүлдіршіндерімізден бастап, өрімтал оқырмандарымыз ақын жырларын мәнерлеп оқып, тыңдарманға тамаша әсер сыйлады.

орда (4)

Бұл кеште тек жыр оқылып қана қоймады, мың бұралған бишілеріміз би билесе, әншілер ақын өлеңдеріне жазылған «Жайнай бер, Тасқалам!», «Бәйтерегім», «Нарынның нар ұлдары» сияқты әдемі әндерін әуелетті.

орда (10)

Сыр-сұхбат сипатындағы кеште Ғайса ағамыз өлеңдерінің жазылу тарихын баяндап, сиясы кеппеген «Ордаға» атты су жаңа өлеңін тарту етті. Мерейтойлық кешке ағамыздың үзеңгілес достары, әріптестері, қаламдас достары Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, жазушы-журналист, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының директоры Бауыржан Ғұбайдуллин, ақын Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері Тілес  Жазықбай және бауырлары Айболат ағамыз бен Бақытханым апамыз, жұбайы Тамара Нәбиқызы да қатысты. Тілектес Ералина ақын сөзіне жазылған «Әнші жарының аманатын» орындап берсе, Тілес Жазықбай мерейтой иесінің өлең-өмірін тақырып қылды.

орда (11)

 – Ғайсағали Сейтақ – өлеңдерін бір шолып оқығаннан-ақ оты алыстан көрінетін жұлдыз. Поэзияда өз еншісі бар, отауын тіккен дарын екенін әлдеқашан танытқан талант. Әлі күнге қызғанышпен емес, қызығушылықпен оқитын қаламгерім, – деп ақын шығармаларының тақырыбын, тіл байлығын, сөз шеберлігін әдеби тұрғыдан бір баяндап берді.

орда (2)

Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры, әрі әріптесі Бауыржан Ғұбайдуллин Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтың алғысхатын табыстап, филиал атынан да сый-сияпат ұсынды.

– Ғайсағали Сейтақ – әдебиеттің ұлы міндет-миссиясын бүкіл жан дүниесімен ұғынған шайыр. Сондықтан да ол оның өз өлеңдеріне деген талғамы асқақ, талабы қатал. Адам баласын, адамзат қоғамын ойға, ойлануға жетелеп, тәубаға келуге шақырады. Осындай ізгі ниет Ғайсағали Сейтақтың бүкіл шығармашылығына тән. Самиғолланың Ғайсағалиы – өмірдің өзінен өрмек тоқып, өлең өре алатын өрелі ақын.

орда (15)

Самиғолланың Ғайсағалиы – бағзы мен бүгінгінің һәм болашақтың алдындағы ұлы жауапкершілікті сезініп, ұлт тарихын уақыттың шаң-тозаңынан тазарта отырып, тарызлап жүрген қаламгер. Тарих тұңғиығына үңілгенде ол өзі әбден ой елегінен, сана сүзгісінен өткізген, белгілі бір тарихи оқиғалар мен фактілердің ақиқаттығына түбегейлі көз жеткізген жайттарды ғана жауһар жырға айналдырады. Ғайса ақынның биыл жарық көрген «Жығылмас жалғыз бар туым» атты кітабы тарихи тақырыптарға өлең-жырға ерекше жомарт. Біздің бұл айтқанымызға «Берел қорығы», «Жайық қалашығы», «Тақсай ханшайымы», «Камараддин хазірет», «Ғұмар Қараш кесенесі», «Жұбан молда», «Сегіз тіл білген ғұлама» сықылды көптеген өлеңдерге қоса, Әбілқайыр хан және Сырым би туралы тарихи дастандар куә. Демек, парасатты поэзияның көрнекті өкілі ақын Ғайсағали Сейтақтың шығармашылығы бүгінде ұлтымыздың тарихы мен ұлы мәртебелі Тәуелсіздіктің арасын жалғайтын жыр-арнаға айналғандай. Жыр-жорғаңыз жүрісінен жаңылмай жасай беріңіз, жарқырай беріңіз, Ғайсақа! – деп сөз алған Бауыржан Файзоллаұлы шұрайлы тілі, құнарлы баяндамасымен кештің маңызын арттырып, мерейтой иесінің мәртебесін асқақтата түсіргені рас.

Өз кезегінде сөз алған аудандық үнжарияның редакторы Ұлпан Жакина:

– Мен таныған Ғайсақаң жаныңды жібек желдей желпіп өтетін жақсы жырлардың авторы. Мен таныған Ғайсақаң – Нарын мен Ноғайлы тарихының жоқшысы, қасіретті де қасиетті тарихының шырақшысы. Сол әдемі жырларымен оқырманды тәубаға да келтіріп, шүкірге де шақырып, тағылымға да ұйытатын парасатты поэзияның иесі. Сол әдемі жырларымен ұлттық рухты биік көтеріп келе жатқан ақын. Менің сөз сұрап, сахнаға шыққандағы мақсатым – ағамыздың адамдығын айту еді. Ғайсағали ағамыз сонау 2004 жылдары бір ғана мақаламнан талабымды байқап, «Орал өңіріне» жұмысқа алып, журналистика саласындағы тұсауымды кескен ұстазым. «Орал өңірінің» қара қазанында қайнап, Есенжол Қыстаубаев ағамыз, Бауыржан Ғұбайдуллин ағамыз бар, көптеген танымал журналистпен әріптес болып, өмірлік сабақ алғанымды мақтан тұтамын. Ғайса ағамыз эмоциясын ішіне бүккен адам, жаратып тұрғанын да, жақтырмай тұрғанын да бағамдау қиын. Бәріміз де басында ағайдың қабағын бағып, аяғымыздың ұшымен жүретін едік. Кейін білдік, ағамыздың жақсылықты жарияламай жасайтынын, сыртымыздан қорған боп, талай пәледен құтқарып қалғанын кейін білдік. Таратып айта кетейін, жас болдық, жалқаулығымыз ұстаған кез болды. Қайбір жалғыз жүретін қазақпыз, әрқайсымыздың артымыздан ерген іні-сіңілдеріміз бар, пәтер жалдап тұрамыз. Адам болған соң ауырмай-сырқамай, сұранбай тұрмаймыз. Сондай да ағамыз ауруханадан апарған бюллетенімізді де, еңбекақысы сақталмайтын демалыс беруді сұраған өтінішімізді де тартпасында ұстап, айлығымызды түгел бергізіп, қаламақыны да өзінен жоғары қоятын еді. Ағамыз әлі де сол қамқорлығын көрсетіп, қолдау танытып отырады. Тағы бір қасиеті – артық сөзге жоқтығы. Әлі күнге ағамыздың әлдекімді сыртынан ғайбаттағанын естіген емеспіз. Қатты ренжісе де, ауыр сөз айтқанын көрген емеспіз. Қайта әйелдігімізге басып, «Пәленшеден бұрын сіз сөйлеуіңіз керек, төрге отыратын орныңыз еді ғой» деп шыр-пыр боп, «түтіндеп» қалатынымыз бар. Мұндайда ағамыз «Бір білгені болар» деп қарап тұрады. Бәрін айт та, бірін айт, ағамызды мақтар болсақ, айтарға сөзіміз де, ағамыздың мақтарлық қасиеті де көп. Ғайса аға, жасыңыз құтты болсын! Бар байлығыңыз баянды болсын! – деп шәкірттік тілегін айтты.

орда (5)

Кеш соңында аудан әкімі Нұрлыбек Даумов пен аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева Ғайса ағамыз бен Тамара апамызға «Қош келдіңіз!» айтып, иығына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.

Ақынның тойы кіндік қаны тамған Хан ордасында жалғасты.

Анар Артықбай,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

орда (1) орда (3) орда (8) орда (12) орда (13) орда (14)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале