3.03.2021, 22:10
Оқылды: 62

Бөкей ордасында іскер әйелдер бас қосты

Бөкей ордасы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық іскер әйелдер кеңесінің құрылтай жиналысы өтті. Жергілікті кәсіпкерлер бас қосқан жиында кәсіпкер қыз-келіншектердің іскерлік деңгейлерін жетілдіру, қоғам өміріндегі белсенділіктерін арттыру және жаңа бизнес идеяларды іске асыру секілді мәселелер талқыланды.

іскер әйелдер

Алғашқы боп сөз алған аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов ханымдарды келе жатқан мейраммен құттықтап, әйел алмас асу жоқтығын, әйел-ана қаласа, тауды тесіп өте алатынын айтып, кәсіптерінің өркендеуіне, табыстарының молаюына тілектестігін білдірді.

Аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева нәзік жандылар қолға алған іс ұқыптылығымен, жинақылығымен берекелі екенін атап өтті.

- Сонау тоқырау жылдары апаларымыз ала қап арқалап, тәуекелге бел байлап саудаға кірісті. Қиындықтардан жасқанбады. Отбасының күнкөрісі талай қиындықты еңсерді. Қазіргі таңда жеке іс бастауға ниетті жандарға мемлекет тарапынан қайтарымсыз несиелер, демеуқаржылар берілуде. Мұндай қолдауды жіберіп алмай, өздеріңіздің, айналаңыздың игілігіне жарата біліңіздер. Тұрмыстық деңгейді көтеріп, өмір сапасын арттырудың бірден бір жолы аянбай еңбек қылу ғана, – деп масылдық пиғылдан арылу керектігін қаперге берді.

Өз кезегінде «Атамекен»  кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Бибігүл Жұмағұлова да кәсіпкерліктің ұңғыл-шұңғылын терең меңгерген тәжірибелі әйелдердің жас кәсіпкерлерге тәлімгерлік қылып, білмегендерін үйретуге шақырса, аталмыш кеңестің аудандағы өкілі Назымгүл Оразгелдиева іскер әйелдер кеңесінің мән-мақсаты жөнінде тарқатып айтып берді.

- Елдің қуатты болуы – экономиканың қарқынды дамуына, ал экономиканың дамуы – кәсіпкерліктің тұрақты түрде алға жылжуына тікелей байланысты. Сондықтан жергілікті кәсіпкер әйелдерге артылған жауапкершілік өте зор. Сол себепті, кіші Отанға деген сүйіспеншілігімізді арттыра отырып табысты ауыл әйелінің бейнесін қалыптастыруға мүдделі болайық. Алдағы уақытта облыстық кеңестің жылдық жоспарына сай киім тігу, гүл, бақша өсіру, тағам түрлерін дайындау, макияж жасау т.б бағыттарда шеберлік сағаттарын өткізу, өз саласында жетістіктерге жеткен тұлғалармен жүздестіру, дизайнерлердің байқаулары т.б шаралар ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, «Бақшадан сөреге дейін», «Партадан жалақыға дейін», «Ауылдағы 50 әйел», «Бизнесті нөлден бастау» секілді төл жобаларды іске асыруда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуіміз керек. Саудамызды қыздырып, өнімдерімізді тұтынушыларға кеңінен жарнамалау үшін әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін де оңтайлы пайдаланайық. Сіз бен біз болып ауданның кәсіпкерлік әлеуетінің қанат жаюына үлесімізді қосуға шақырамын, - деді.

Жиынға қатысқан кәсіпкер әйелдер ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарымен де бөлісті. Мәселен, ордалық зейнеткер Раиса Төленғалиева әр кәсіп иесінің экологиялық-ағартушылық мәселелерге бей-жай  қарамай, «Менің аулам - менің бағым» атты көгалдандыру шараларына үлес қосуға насихаттаса, бисендік кәсіпкер Әспет Ахтарова кәсіпті игеріп, дамыту үшін мемлекеттік несиелерді тиімді жаратудың маңыздылығына екпін түсірді.

- Бисен ауылдық округінде халыққа қызмет көрсету саласында 30-ға жуық кәсіпкер жұмыс жасаса, соның 20-сы нәзік жандылар. Мал шаруашылығын дамытуға 16 әйел үлестерін қосып жүр. Саудамен айналысқаныма он жылдан асты. Мемлекеттен берілетін демеуқаржыларды, несиелерді ұтымды жарату табысты еселейтіні сөзсіз, - дейді ол.

- Кәсібіңіздің нәсібін көремін десеңіз білген-түйгеніңізді үйретуден, бөлісуден қашпаңыз. Бәріміз де кәсіпті шағын дүниеден бастағанбыз. Кезінде бес тауық, екі қойым болса да күндердің күнінде олардың санын еселейтініме сендім. Бүгін де еткен еңбегімнің жемісін көріп жүрмін, - деді аудандық мәслихат депутаты Айбарша Беисова.

Жергілікті кондитер Дилияра Ғабдуллина өнімдерінің тек ауыл-аймақ арасында ғана емес, кең көлемде танылу үшін әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерде өз салалары бойынша сұқбаттар жүргізіп, жарнама жасаудың түрлі әдістерін қолға алу керек деді. Сұлулық кабинетінің жетекшісі Айнұр Ғұмарова бизнесті жүйелі жолға қоюда ерінбеу керектігін алға тартып, сауықтыру орталығын ашуды жоспарлап жүргенін айтты.

Шара соңында аудандық іскер әйелдер кеңесінің активі сайланып, бекітілді.

Арайлым Есмағұл,
Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале