Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ауданымыздағы Ауған соғысы, Чернобыль атом электростанциясы апаты және Семей атом полигоны ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Айтулы күні осынау әскери оқиғаларға қатысқан жерлестерімізге арналған композиция ашылды. Композиция құрылысын «Құрылыс» ЖШС (жетекшісі С.Мұхамбетқалиев) атқарды. Нысан құны 2 миллион 500 мың теңгені құрайды.
Мемлекет басшысының Жолдауларында мемлекетіміздің тарихын дәріптеу, жастарға патриоттық тәрбие беру, сонымен қатар Ауған соғысы, Чернобыль апаты және Семей полигоны ардагерлеріне жаңа мәртебе беру, яғни, оларға Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен тең дәрежеде қолдау көрсету туралы нақты айтқан болатын. Сөйтіп, 2017 жылы ауданымызда аталмыш әскери оқиғалар ардагерлерінің аудандық үкіметтік үйі ашылып, төрағасы болып Ақболат Шәмшетдинов белгіленді. Қазіргі таңда өңірімізде 17 ауған соғысының ардагері, екі Чернобыль апаты және бес Семей полигоны ардагері бар.
Сайқын ауылындағы «Қару аманаты» саябағында орнатылған композицияны ашу құрметі Ауған соғысының ардагерлері Елтай Қонақбаев пен Ақболат Шәмшетдиновке, ауылымыздың ақсақалы Тілеген Арыстанбеков пен Чернобыль апаты ардагері Темірхан Әйтеновке, әскери борышын Семей полигонында атқарған ардагерлеріміз Серік Есімов пен Тілепберген Қабесовке бұйырды.
- Бұл әскери оқиғалардың тарихи бағасының айшықталуы – болашақ еншісінде. Дейтұрғанмен осы елеулі оқиғаларға қатысқан жерлес ардагерлерді біз мақтан тұтуымыз керек. Жас ұрпаққа істерін дәріптеп, адамзатты қорғаудағы ерліктерін паш етуіміз шарт. Ерлік ұмытылмауы тиіс, -деді аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов жиналған көпшілік алдында.
Ардагерлер атынан сөйлеген Ауған соғысының ардагері Елтай Қонақбаев жерлес азаматтардың Отан қорғау жолындағы істерін дәріптеп, құрмет көрсеткен аудан жұртшылығына ризашылығын білдірді.
Раушан Бақытова,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz