Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен осы жылға жоспарланған мал азығын дайындау барысын қадағалауға арналған штаб отырысы өтті.
Аталмыш жиынға штаб мүшелерімен қатар облыстық орман шаруашылығы және жануар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов арнайы келіп, қатысты.
Жиын барысында аудандық кәсіркерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының у.м.а Серік Айтқалиев қазіргі таңдағы мал азығын дайындау барысымен таныстырып өтті.
– Қолда бар ақпаратқа жүгінер болсақ, биылғы жылы мал қыстағына шамамен 122 мың бас шартты мал кіреді деп болжам жасап отырмыз. Ал ауданымызға жоқ дегенде 190 мың тонна мал азығы қажет болады. Оған қоса, өткен жылдың қысынан кейін көп жылдан бері жиналған шөптің қоры да қалмады. Сондықтан, жоғарда көрсетілген мөлшерден де көбірек жинағанымыз дұрыс болады. Дегенмен осы жылда шөптің шығымдылығы төмен. Қазірдің өзінде бір бума шөптің ең төменгі бағасы 8 000 теңгені құрайды.
Мүмкіндігінше, мал азығының бағасын төмендетуіміз немесе осы бағаны ұстап қалуымыз қажет. Сонымен қатар ауданымыз бойынша аула саны 1 449 болса, сол аулада қанша мал бары туралы толық ақпарат жоқ. Бұл ақпарат болмағасын жерде ауыл тұрғындарына қанша мал азығы қажеттілігін де анықтау қиынға түсуде. Сондықтан, алдымызда жоспарланған мал санағын белсендірек өткізгеніміз дұрыс.
Соңғы мәселе – бұл шабындыққа арналған жер мәселесі. Жоғарыда аталғандай осы жылы шөп шығымдығы нашар. Ендігі таңда Ресей еліне берілген полигон аймақтарын шабындыққа беру жолдарын қолға алу қажет деген ойым бар, - деді Серік Айтқалиев.
Өз кезегінде аудан басшысы:
– Иә, мал азығы мәселесі ауданымыз бойынша күрделі болып отыр. Қазіргі таңда ауданымызды сол азықпен қамту бойынша бірнеше жұмыс атқарылуда. Көршілес аудандардағы әріптестеріммен үнемі хабарда отырмын. Бұндай мәселе тек бізде емес, көршілес Жәнібек және Казталов аудандарында да мал азығының тапшылығы байқалады. Сонымен қатар облыс орталығына жақын орналасқан аудандармен де сөйлесіп отырмыз. Мысалы, Ақжайық ауданы шөп мәселесімен көмектесуге дайын. Қазіргі таңда бағасы талқылануда. Оған қоса, Ресей елінен жем тасымалдау жолдарын ойластырудамыз.
Шындығына келгенде, тіпті төтенше жағдай жариялау жоспарымызда бар. Дегенмен, төтенше жағдай жариялаудың өзінің қағидалары бар. Мысалы, ауданымызда жүрген киік санын ескеріп, ешкім бізге төтенше жағдай жариялауға рұқсат бермейді. Аталмыш жағдайды жариялағанымыз нәтижелі болуы тиіс, - деді аудан басшысы.
Жиын соңында аудан басшысы тиісті мекеме басшыларына көтерілген мәселелер бойынша жұмыстануды тапсырды.
Еркебұлан Бисенғалиев
zhaikpress.kz