Бөкей ордасы ауданына қарасты Хан ордасында өңіріміздің мемлекеттік қызметкерлері қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жазғы мектепте жиналып жатыр.
Мәдениет үйінде өткен ашылу салтанатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысының І орынбасары Мұратбек Қасымов аталмыш шараның маңыздылығына тоқталса, аудан басшысы Нұрлыбек Даумов барша қатысушыларға «қош келдіңіз!» айтты.
Екі күндік жазғы мектеп ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің бас маманы Айбар Кабдрашовтың «Мемлекеттік қызмет көрсету барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу» тақырыбындағы баяндамасымен басталды.
Бұл күні спикерлар арасынан «Әділдік жолы» РҚБ БҚОФ заңгері, волонтер Бауыржан Ахметжан «Қоғамдық бақылау және оның ерекшеліктері», БҚО әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Айман Хайруллина «Әдеп және парасаттылық» тақырыптарында баяндама жасады.
Жалпы ауданымыздағы делегаттар «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері», «Тиімді коммуникация», «Жобалық менеджмент- ашықтық құралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша коучинг» тақырыптары бойынша спикерлерді тыңдап, пікір алмасты, тәжірибе бөлісетін болады.
Еркебұлан Бисенғалиев
Бөкей ордасы ауданы