29.05.2018, 12:06
Оқылды: 47

Бөкей Ордасында «MEN QAZAQPYN» жобасының іріктеу кезеңі өтті

«MEN QAZAQPYN» телевизиялық мега жобасының желбіреген жалауы кеше Бөкей Ордасына да жетіп, екінші маусымының аудандық іріктеуін өткізді.

Осынау ауқымды жобаның жүзеге асуына жәрдемдесіп жүрген облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Есенгелді Молдағалиев, «AQJAIYQ» телеарнасының бас редакторы, мәдениет саласының үздігі Гүлмира Тілеубаевалар үлкен-кішілі өнерпаздардың шеруін тамашалады. Кейін «Күйшілер» саябағындағы есімдері қалың қазаққа әйгілі Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтек сынды дала дарындарының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Сонымен қатар аудандық саз мектебі тәрбиеленушілерінің «Домбыра party» шарасына куә болды.

Ұлттық өнерімізді дәріптеп, шын таланттарды анықтауға арналған «MEN QAZAQPYN» додасына 18 бен 40 жас аралығындағы 14 үміткер қатысты.

Дәстүрлі әнді әуелетіп, терме айтып, күй тартудан сынға түскен өнерпаздардың арасынан «Дәстүрлі әнде» ордалық Нұрлан Тұрәлиев пен сайқындық Гүлжанар Айтмағамбетованың, «Күй» аталымында сайқындық Саида Әжіғалиева мен саралжындық Нұрлыбек Қазиевтің асығы алшысынан түсіп, облыстық кезеңге жолдама алды.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ

Бөкей ордасы ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале