Бөкей орда аудандық соты жылдың он айында 46 азаматтық іс, 39 қылмыстық іс қараған. Адам саны жағынан облыста көштің соңында тұрған аудан ажырасу фактісі бойынша алдыңғы орында екен. Неке бұзуға қатысты 26 іс қаралып, 16-сы ажырасып тынған. Ал екі бірдей аудан тұрғыны қылмыстық іс туралы көпе-көрнеу жалған ақпарат беріп, жауапкершілікке тартылған. Ауыр қылмыс жасап, туғанына пышақ жұмсаған азамат төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Бұл ақпарат билер кеңесі мүшелерінің қатысуымен өткен брифингте айтылды.
-Ажырасу әсіресе, жастар арасында белең алып отыр. «Неке бұзуға себеп не?» деген сауалға арыз берушілер мінездерінің үйлеспеушілігін алға тартады. Некеге немқұрайлы қарайтындар тек осы мәселені айтады. Бұрындары жұмыссыздық, отағасы не анасының ішімдікке жақындығы, ата-ененің орынсыз араласуын себеп қылатын еді. Ажырасуға арыз берушілерден Сайхын көш бастайды. Одан кейінгі орында Бисен мен Орда ауылдары. Қазіргі қоғам адами құндылықтардан алшақтап барады. Шаңырағын шайқалтып отырғандар да, бауыр, ағайындықтан жеке бас пайдасын артық көретіндер үй үшін дауласып, арақтың буымен бір-бірінің кеңірдегінен алуда. Бұл үрей тудыратын жайт, -деді аудандық сот төрайымы Гүлжиһан Сағитова.
Бөкей Ордасы ауданы
Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!