Бұл туралы төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі аудандық комиссияның кезектен тыс отырысында белгілі болды. Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен өткен жиынға аудан прокуроры Қанәбіл Мұратов, тиісті сала басшылары мен округ әкімдері онлайн-оффлайн форматында қатысты.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайруллин баяндама жасады.
– Мал қыстағына 188,1 мың тонна мал азығын дайындауымыз қажет. Нақтырақ айтсам, шаруа қожалықтарына 151,8 мың тонна, жеке тұрғындарға 36,3 мың тонна шөп қажет етіледі. Күні бүгінге 43,3 мың тонна дайындалды. Бұл жоспардың 23,0%-ы ғана. Былтырғы жылдың қыстағынан, көп жылдан бері жиналған запас қорымыз да таусылды. Оның үстіне саны шамадан тыс көбейіп кеткен киік те кесірін тигізіп отыр. Қуаңшылық салдарынан шөптің шығымдылығы да өте төмен.
Күні бүгін аудан бойынша 233 шаруа қожалығы шабындыққа шығып, 91 724 орам шөп дайындаған.
Аудан бойынша мал ұстайтын 1 419 аула бар. Әзірге жеке тұрғындарға 24 шаруа қожалығы шөп әкеліп сатуда, шөп бағасы 8 000–10 000 теңге. Күні бүгін 249 аулаға шөп түсті. Ол мал ұстайтын аулалардың 17,6%-ы ғана мал азығымен қамтылды деген сөз. Мұның сыртында жеке тұрғындар малдарына қажетті шөп алуға шаруа қожалықтарына қаражаттарын алдын ала беріп, күтіп отырғандар да бар.
Жеке тұрғындарға қажетті мал азығының қанша пайызын өз күшімізбен дайындай аламыз, қаншасын сырттан тасымалдау керектігін анықтап, болжалды есеп дайындалуда. Ауылдық округтердің есептері бойынша облысымыздың басқа аудандарынан Бисенге 24 000 орам, Ұялыға 3 800 орам, Т.Масинге 6 000 орам, Мұратсайға 5 420 орам, Ордаға 10 620 орам, Сайқынға 6 809 орам, Саралжынға 1 455 орам, барлығы 58 184 орам қажет етіледі.
Осы жағдайларды баяндай келе, 2024 жылдың 1 тамызынан бастап Бөкей ордасы ауданы аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялауға ұсыныс беремін, - деді Сүйінбек Жексенбайұлы.
Отырысты қорытындылаған аудан басшысы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялауға қатысты іс-шараларды ресімдеуді, жұмыс тобын құрып, шығын сомасын анықтауды міндеттеді.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы