16.03.2021, 18:30
Оқылды: 74

Бөкей ордасында халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті

Бөкей ордасының 220 жылдығына арналған «Тарихи-мәдени мұра» Хан Ордасының туристік дамуының негізі ретінде» тақырыбында  халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті.

конференция (1)

Шараны ашқан аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, РФ Астрахан облысы, Володар ауданы Алтынжар ауылындағы Құрманғазы атындағы ұлттық-мәдени кешені директорының орынбасары Светлана Жасағұлова, атыраулық өлкетанушы Өмірзақ Әлімгерейұлы хандықтың құрылған күніне орай жүрекжарды құттықтауларын жолдады.

Конференция барысында Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов «Бөкей ордасы тарихының ақтаңдақ беттері» туралы ой қозғады.

Бөкей хандығының  құрылғанына 220 жылдығы толды. Айтулы дата, десек те Бөкей хандығы тарихшылар үшін  ашылмаған арал сияқты.  Мәселен, Бөкей ордасы билеушілерінің қоғамдық-саяси қызметі әлі күнге дейін толыққанды зерттелмей келеді. Әсіресе, Бөкей хан мен Шығай сұлтанның атқарған қызметтеріне қатысты арнайы ғылыми еңбектер жоқ деуге болады. Тіпті Ресей империясының жымысқы саясатының құрбанына айналып, елден жыраққа кетуге мәжбүр болған Жәңгір хан ұрпақтарының кейінгі тағдыры назардан тыс қалып қоюда. Екіншіден, Бөкей ордасы тарихына қатысты біздің еліміздегі және РФ архивтерде жатқан құжаттарды жинастырып, арнайы жинақтар шығару қажет. Бүгінгі қолда бар жинақтар ғылыми айналымға еніп болды. Ендігі кезекте Орда тарихы тың мұрағат құжаттарына мұқтаж. Үшіншіден, Бөкей ордасы ауданын республикалық, тіпті әлемдік деңгейдегі туристік орталыққа айналдыру бағытындағы жұмыстарды жандандыратын кез келді. Ол үшін инфрақұрылымды жақсарту (жол салу, қонақүйлер желісін қалыптастыру және т.б.), туризмді жарнамалаудың заманауи әдістерін пайдалану бағытында жұмыстанған жөн, - деген Саялбек Махамбетұлы ұлттық музейді Бөкей ордасы тарихын насихаттайтын экспонаттармен толықтыру бағытында бірігіп жұмыстануға шақырды.

конференция1 (1)

Республикалық "Мұнара" газетінің бас редакторы, педагогика ғылымының магистрі Серікбол Хасан "Бөкей ордасының тарихы фотосурет беттерінде" хабарламасында суреттердің тарихына тоқталып, Бөкей ордасы алғашқы сурет жасалған, сонымен бірге алғашқы фотограф Шәңгерей Бөкейханов шыққан жер екенін баса айтты. «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры, тарих ғылымдарының магистрі, Ресей географиялық қоғамының мүшесі, жерлесіміз Айболат Құрымбаев «Ұлы дала мұрагері жолымен» баяндамасында Бөкей сұлтан ұрпақтары мекен еткен үйлердің суреттерін жариялап, ол ғимараттар қабырғаларында төре тұқымының таңбалары қашалғанын, Бақшысарайда Бөкей мен Жәңгірдің атаулы қылыштарының түпнұсқасы сақталғандығын ортаға салды. Оралдағы Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейінің меңгерушісі, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері Нұржан Төлепов "Тарихи толғаудың авторы кім? Ақбұлақ шайқасы мысалында" тақырыбында баяндама жасаса, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ "Рухани жаңғыру" орталығының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров "М.-С.Бабажанов және оның ғылыми жазбалары" негізінде хандық кезіндегі халықтың әл-ахуалына тоқталды.Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры Тәттігүл Картаева "Табиғатты игеру: Хан Ордасындағы халықтық білім" хабарламасында Бөкей ордасы этнографиялық ілімнің қайнар бұлағы, мұндағы халықтық ілімді хаттау үшін жергілікті жерден этнограф дайындау қажет деді. Бүгінде облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық этнографиялық музей -қорығының байырғы қызметкері, өлкетанушы Амантай Хамзин тарихымыздың ақтаңдақтарын ашу үшін  Ресей жерлерінен де іздестіру жұмыстарын жүргізуге ұсыныс тастады. Конференцияны ұйымдастырушы музей-қорық директоры Ғайса Махимов Хан ордасында туризмді дамытудағы алға қойған мақсаттар мен қолға алынған істер хақында айтып, жоспарларымен бөлісті.

Конференция барысында аудан тарихынан сыр шертетін жәдігерлер алуан жерлерде сақталғаны айтылып, олардың көшірмесін болса да елге қайтару жөнінде, беймәлім жәдігерлерді іздестіру үшін экспедиция ұйымдастырып, қаражат бөлу хақында, ресейлік тарихшылар тарапынан бірлесіп туристік маршрут жасақтау жөнінде ұсыныстар түсті.

 

Раушан Жанатқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале