Бөкей ордасы ауданының тағылымды тарихында замана жүгі мен ел аманатын арқалап, туған жерінің дамуына айрықша үлес қосқан азаматтар аз болмаған. Саналы ғұмырында ел алдындағы перзенттік парызын абыроймен атқарып, өнегелі ісімен жұртының шын құрметіне ие болған Мұрат Насимуллинің елеулі еңбегі ел есінде әлі де сақтаулы.
Туған жеріне, халқына қалтқысыз қызмет еткен Ұлы Отан соғысының ардагері, екі мәрте Ленин орденінің, «Еңбек Қызыл ту», «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерінің иегері Мұрат Насимуллиннің 100 жылдық мерейтойына орай «Ерлігі – елге мұра, есімі – ұрпаққа аңыз» атты тағылымды шара өтті. Аталмыш шара аясында туғанына ғасыр толған қоғам қайраткерінің өмірі мен қоғамдық істері баяндалған «Мұрат Насимуллин» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі де ұйымдастырылды.
Осынау игі шараның басына уағында Мұрат Насимуллинмен үзеңгілес қызмет еткен, көзкөрген іні-бауырлары, алыс-жақыннан арнайы келген жерлестері, бөкейлік ағайын жиналды.
– Шежірелі Бөкей ордасынан елі үшін қызмет еткен талай дарынды тұлғалар шыққан. Солардың бірі – ауылы-алтын бесігін өркендеткен Мұрат Насимуллин екені шындық. Халқының сүйікті перзенті, нарынның нар ұлы, есімі тек Бөкей жұртшылығына ғана емес, облыс көлеміне танымал қоғам қайраткері, туған жерінің шын жанашыры болған Мұрат Насимуллиннің ерең еңбегін бүгінгі ұрпақ жадыдан шығармайды деп сенеміз. Өйткені, атамыздың атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Тарихты тасқа басқан таңбалар көмескіленсе де, туған жерінің игілігі үшін тер төккен аталарымыздың еңбегі еш ұмытылмайды, - деп сөз бастады аудан әкімінің у.м.а Біржан Меңешев.
Өмір жолы тағылым мен өнегеге толы тұлға жайында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, облыстық мәдениет, спорт-туризм саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы, ауданның құрметті азаматы Айдар Батырханов, «Бөкейліктер» қауымдастығының жетекшісі Хайролла Сабыров т.б алыс-жақыннан келіп жеткен меймандар да өз естеліктерімен бөлісті.
Қиын-қыстау заманда экономикасы тұралаған ауданды аяғынан тұрғызуға сүбелі үлес қосқан еңбегі туралы жарыса айтып, оның өнегелі өмір жолын кейінгілерге үлгі етіп, мазмұнды жиынға мұрындық болған ұрпақтарына ризашылықтарын жеткізді.
Өз кезегінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген мен облыстық мәдениет, спорт-туризм саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Айдар Батырхановтар кітаптың тұсауын кесу рәсімін жасап, лентасын қиды.
Ал кітаптың авторы, қоғам белсендісі Нұрлан Сәдір де осынау туындының Мұрат Насимуллиннің есімін ұрпақ санасында жаңғыртып, елі үшін атқарған елеулі еңбектерін көрсету, насихаттау мақсатында септігі зор деді.
– Мұрат ағамыз сынды тұлғаларды заман тудырады. Елде жау көп болса батыр шығады, дау көп болса би шығады дейді. Мұрат атамызды тарих сахнасына алып шыққан соғыстан кейінгі қиыншылық жылдары. Атамыздың болмысын зерттей келе ол кісінің халықтың қарнын тойдырып, әл-ауқатын арттыруды ғана емес, еңбекті жеңілдетуді ойлап, сол бойынша нақты шараларды қолға алған, түйсігі мықты, менеджерлік қасиеті ерек тұлға екенін ұғындым, - дейді.
Мұрат атамыздың ұлы Жамбыл Насимуллин де сахна төріне шығып, алтындай уақыттарын қиып, шараға арнайы келгендері үшін ризашылығын жеткізді.
– Әкемізді айналасы кісілік келбеті жарқын, пейілі кең, ұстанымы мықты басшы ретінде таныды. Ауылдың жағдайын түзетіп, әлеуетін көтеруге бар күш-жігерін салды. Оның үзеңгілес әріптестері де, жерлестері де әкеміздің адами қасиеттерін әлі күнге дейін айтып жүреді. Артында қалған ұрпақтары, туған-туыстары бірігіп, кіндік қаны тамған жерінде рухани шара өткізуді жөн көрдік. Мамыр айында Теректіде әкеміздің атына көше беріліп, ескерткіш тақта орнатылды, - деген ол Бисен ауылдық мәдениет үйінің ұжымына ақшалай сыйлығы мен алғысхатын да табыс етті.
Арайлым Есмағұлова
Бөкей ордасы ауданы