8.11.2024, 12:30
Оқылды: 129

Бөкей ордасында жасөспірімдер мәселесіне қатысты жиын өтті

Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Кенесары Нұршиновтың төрағалығымен М-С. Бабажанов атындағы мектепте жасөспірімдердің арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмаған балалардың  арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеуге арналған жиын өтті.

IMG-20241108-WA0032

Аталған шараға аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұргүл Омарова, аудандық полиция бөлімінің бастығы Бақберген Молдағалиев, аудандық прокуратураның аға прокуроры Руслан Шәкіржанов, аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы Мақсот Құрамшин, білім беру бөлімінің мамандары, мектеп директорлары қатысты.

Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу қашан да басты назарда және қазіргі қоғамның алдындағы басты міндеті де жастардың арасында құқықтық тәрбиенің ақсауына жол  бермеу. Осылай деген шараның модераторы аудандық ішкі саясат бөлімінің Исатай Құрмашев  қатысушыларға толғандырып жүрген сауалдарын ашық қойып, өз пікірлерімен бөлісіп, белсенділік танытуға шақырып, келген меймандарға сөз берді.

IMG-20241108-WA0049

– Аудандық кәмелетке толмағандарың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның  негізгі миссиясы – атауы айтып тұрғандай кәмелет жасына  жетпеген ұл-қыздарымыздың құқығын қорғау және олардың арасындағы қылмыстың қандай ма түрінің орын алуына жол бермеу. Бұл комиссияда тек жеткіншектердің ісі де, олардың тәрбиесіне немқұрайлы қараған ата-ананың ісі де қаралады, тиісінші шешімдер шығарылады. Ұрпақтың тәрбиесіне қазірден ден қойсақ, күні ертең оның жемісін көретініміз анық. Балаларымыз бос уақытын неғұрлым тиімді, пайдалы өткізе білсе, демек,  теріс жолдан аулақ болады. Біз сіздерді тыңдауға, толғандарып жүрген түйткілді мәселелер болса құлақ асып, шешімін бірге іздеуге дайынбыз, - деп сөз алған аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов жасөспірімдер арасында орын алатын түрлі жағдайларға да тоқталып өтті.

Өз кезегінде аға прокурор Руслан Шәкіржанов та жас жеткіншектердің құқықтық тұрғыдан сауатты болғаны өте маңызды деді.

IMG-20241108-WA0037

– Бүгінгі таңда қоғамда неше түрлі оқиғалар болып жатыр. Әсіресе, жастардың арасында түрлі деңгейдегі жағдайлармен кездесіп жүрміз. Ұл-қыздарымыздың құқықтық сауаттылығына мән беру, құқықбұзушылыққа нөлдік төзбеушілік қағидаттарын үйрету арқылы көптеген проблемалардың алдын алуға болады. Қылмыстың көбеюі еліміздің дамуына кедергі келтіреді. Жастар қылмыс жасап, тәртіп бұзуды көз үйренген үйреншікті әдеттерге айналдырмауы тиіс. Қоғамдық жерлерде  темекі, шағудың қалдықтарын тастауға, тіпті кез келген жерген түкіруге болмайтыны сынды қарапайым ережелерді білулері тиіс және осы талаптар бұзылса, айыппұл қарастырылғанын да ескерулері керек, - деген ол құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру  уақыт күттірмейтін мәселе деді шегелеп.

Аудандық полиция бөлімінің бастығы Бақберген Молдағалиев те өте маңызды ақпараттарды айтып, жеткіншектерге психологиялық портретін құрып үйрену керектігі туралы ақыл-кеңесімен де бөлісті.

IMG-20241108-WA0047

– Биыл аудан көлемінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық фактілері 88%-ға артып отыр. 2023 жылы кәмелетке толмаған бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған  2 ата-ана жауапкершілікке тартылса, биыл бала тәрбиесіне жауапсыз қараған 16 ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылды. Өрімдей жастардың заңнан аттап, қоғамдағы бекітілген талап-ережелерге мойынсұнбауы өте қауіпті көрініс және бұл жастардың әлі де құқықтық тұрғыдан сауатсыздығын білдірсе керек.  Егер қоғамның толыққанды жетілген тұлғасы ретінде дамығыңыз келсе әуелі құқықтық сауатыңызды арттырыңыз. Өзіңіздің болмысыңызды, бейнеңізді тануға, ішкі дүниеңізге үңілуге тырысыңыз. Яғни, психологиялық портретіңізді анықтап алуға кеңес берер едім. Осы арқылы бойыңыздағы жақсы және жаман қасиеттерді де екшелеп, кем-кетігіңізді дұрыстауға артықшылықтарыңызды одан әрі дамытуға болады. Жасөспірімдер арасында түрлі мәселелер бар және ол бола береді де. Егер жан баласына сырыңызды айта алмай, қиналып жүрсеңіз аудандық полиция бөлімінің сенім телефонына қоңырау шалуға болады және біздің тарапымыздан толыққанды психологиялық-моральдық, құқықтық тұрғыдан көмек ала алатыныңызды қаперіңізге береміз, - деді.

IMG-20241108-WA0033

Құқықтық тәрбие мен құқықтық сауаттылық мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Жиынға келген өзге де меймандар аталған тақырып төңірегінде тұщымды ойларын айтып, оқушылардың сауалдарына жауап берді.

Арайлым Есмағұлова

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале