Ауданда Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай бірқатар шаралар өтті.
Мерекелік шара Қару аманаты саябағынан бастау алды. Ұлы Отан соғысы тарихынан сыр шерткен шағын композициямен басталған бұл шара "Қаһарман аудан" белгісінің салтанатты ашылуымен жалғасты. Құрмет белгісін салтанатты ашу рәсімі тыл ардагері, Социалистік Еңбек Ері Ескендір Есімов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманбай Машотовқа тапсырылды.
- Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандары соғыс табы қалған, белгісіз жауынгерлер зираты бар, Ұлы Жеңіс тарихына тылдағы еңбегімен үлес қосқан бірден-бір аумақ. Бұл аумақ жау бомбасының астында қалып, фашистер басып алған түрлі елден жер ауып келген түрлі ұлтқа пана болды. Қанқұйлы майдан ретінде тарихтағы орны бөлек Сталинградты азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз еткен бірден-бір тыл болды. Нақ осы аудандардан бірнеше мәрте танк колоннасына деп қомақты қаржы да жиналып, жіберілді. Сондықтан қос ауданға да "Қаһарман аудан" деп белгі орнатуымыз әбден орынды. 75 жылдық мерейтойда бұл маңызды тарту деп білемін, - деді өз сөзінде аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов.
Бұдан соң үнсіздік минуты жарияланып, батырлар рухына тағзым етілді. Ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды.
Аталмыш белгіні орнату жұмысына Нұр-Сұлтан қаласындағы "ҚазАртГранит" ЖШС-і жауапты болды.
Дәл осындай шара М.Мәметованың ескерткіші, 196-Гатчинск атқыштар дивизиясының бауырлас жауынгерлер зиратында жалғасты. Жиналған қауым ескерткіштерге гүлшоқтарын қойып, бейбіт күн үшін кеуделерін оққа тосқан аға буынның рухына бас иіп, тағзым етті.
Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында іске асқан игі істің бірі - көне су мұнарасын қалпына келтіру жұмысы болды. Іргетасы 1905 жылы қаланған көне ғимарат екі бірдей соғыстың куәсі боп, стратегиялық нысанды көздеген жау ұшағының нысанасы болды. Ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, соғыс тақырыбындағы экспозициялар қойылды. Бұйыртса, ашық аспан астындағы мұражайға айналмақ.
Бұл жұмысқа екі миллионға жуық қаржы жұмсалды.
Ұлпан Жакина
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz