«Amanat» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев бастаған топ Бөкей ордасы ауданы активімен жүздесті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткізілген жиынға аудан басшысы Нұрлыбек Даумов, «Аmanat» партиясы Бөкей ордасы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жалғас Ташуов, мекеме басшылары мен мамандар, халық қалаулылары қатысты.
Жиынның шымылдығын ашқан «Аmanat» партиясы Бөкей ордасы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жалғас Ташуов меймандарға қош келдіңіз айтып, жиынның күн тәртібіне тоқталып, аудан әкіміне сөз берді.
– «Аmanat» партиясы – еліміздегі негізгі саяси күш саналады. Жергілікті атқарушы органдар жетекші партиямен бірлесіп ілкімді жобаларды жүзеге асырып келеді. 2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша ауданға тартылған инвестициялардың жалпы көлемі – 7 млрд 153 млн теңге. Өнеркәсіп өнімінің көлемі осы жылдың 10 айында 175 млн теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4%-ға өсіп отыр. Аудан тұрғындарының негізгі кәсіп көзі – мал шаруашылығы. Қуаңшылыққа байланысты осы жылдың тамыз айында ауданымыз бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Қысқы мал азығын дайындау бойынша қажетті жоспарымыз 188,1 мың тонна болса, бүгінгі күні 174,8 мың тонна мал азығы дайындалды. Жеке қосалқы шаруашылықтарға басқа аудандардан жем-шөп тасымалдау жұмысы әлі де жалғасуда. Шаруа қожалықтарына 1 млрд 20 млн теңге көлемінде субсидия төленді. Аудан халқының әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» және халықтың несие ауыртпашылығын жеңілдету үшін көмек көрсетуге бағытталған «Қарызсыз қоғам» партиялық жобалары да сәтті жүзеге асырылуда, - деген аудан басшысы басқа да жүзеге асырылған жобаларға тоқталып өтті.
Бұдан соң «Аmanat» партиясы Бөкей ордасы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жалғас Ташуов жыл бойына атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Ауданда 1 350 партия мүшесі бар болса, 11-і бастауыш партия ұйымына біріктірілген, 4-і аудан орталығында, 2-і Бисен ауылында, қалған округтерде бір-бірден. Жыл басынан бері 82 адам өз өтініштерімен партия мүшелігіне өтті. Сайлауалды жұмыстарды жүргізу барысында депутаттыққа үміткерлерге 26 аманат келіп түсті. Бүгінде соның жетеуі орындалды. Жалпы аудандық мәслихат депутаттары 69 депутаттық сауал жолдап, оның 12-сі орындалған. Қалғаны орындалу үстінде. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне 115 азамат өтініштерімен жүгінсе, алпыс адамның өтініші оң шешімін тапты. «Жер аманаты» аудандық комиссиясының ықпалымен 2023 жылы 21400 гектар құрайтын 11 жер учаскесі, биыл 3000 гектар жер учаскесі мемлекеттің меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ, «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы аясында 7 ауылдық округте 420 адам өз қаражатын тиімді басқаруды, несие алу ережелері т.б қаржылық түсініктер бойынша білім алды, - деді Жалғас Есқайырұлы.
Өз кезегінде «Amanat» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев те сөз алып, халықтың игілігі жолында жұмыс атқарып келетін іргелі партия ұжымы ауқымды жобаларды іске асырып, тұрғындардың талап-тілектерін басты назарда ұстап келеді деді.
Сондай-ақ, ол партияның бастамасыменжол тартқан жаңа жобалар, тың бастамалар, белсенді жұмыстар жалғасын таба беруі тиіс және жүктелген міндеттердің орындалуына барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партияның депутаттық фракция мүшелерінің бір кісідей жұмылып, қатысуы міндет деді.
Бұдан соң 10 айдағы жасалған жұмыс сараптамасымен аталмыш партияның өкілі Ажар Нұралы таныстырып өтті. Оның айтуынша партияның мұрындық болуымен аудан көлемінде атқарылған іс-шаралар әлеуметтік желілерге дер кезінде жарияланып, халықтың назарына ұсынылуы тиіс деді. Алайда аудандық филиал ұжымы әлеуметтік желілерде әлі де бәсеңдік танытып келетінін атап өтті.
Жиында аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайроллин, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәурен Дәуленов те тиісті салалары бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Негізгі жиынды тәмамдаған «Amanat» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев аудандық кітапхана ұжымымен де кездесіп, аудандық мәслихат депутаттығына кандидат Бибігүл Жұмағұлованың сенімді өкілі Гүлбаршын Нұрлыбайқызы үміткердің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
Нұрай Таубай
Бөкей ордасы