18.06.2021, 11:47
Оқылды: 83

Бөкей ордасындағы музейде – соғыс жәдігерлері

Музейіміздегі қонақтар назарын аударатын құнды жәдігердің бірі – 196- Қызыл Тулы Гатчинск атқыштар дивизиясы жауынгерлері қолданған бұйымдары.

 м1

196-Қызыл Тулы Гатчинск атқыштар дивизиясы Ұлы Отан соғысы басталған кезде Украина елінің Днепропетровск қаласының маңында орналасқан екен. Фашист әскерлерімен шайқасқа түсіп, жауынгерлер қатары сиреген дивизия Оңтүстік-Орал әскери округінің Чкалов (Оренбург) облысының Соль-Илецк ауданында Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің 01.01.1942 жылғы қаулысына сай қайта жасақталып, Батыс Қазақстан және тағы басқа облыстарынан шақырылған жауынгерлермен толықтырылды. Басым бөлігі қазақ ұлтынан болды. Қайта құрылған дивизия 1942 жылдың шілдесінен Сталинград шайқасына қатысты.

Сұрапыл шайқас салдарынан 1942 жылдың 28 қыркүйегінде құрамында 500 адамы қалған 196-атқыштар дивизиясы Ахтуба стансасынан эшелонға отырып, қайта жасақталуға аттанды. 1942 жылдың 1қазан күні Бөкей ордасы ауданының орталығы болған Сайқын стансасына жетпей, ауылдың оңтүстік жағында жаудың «Ю-88» маркалы тоғыз ұшағының бомбалауына ұшырайды. Бір бомба дивизия басқармасы мен жауынгерлер отырған вагондар арасына дәл түсіп, көп адам көз жұмды. Нақты құжаттар сақталмаған. Естеліктер бойынша шамамен 100-ге жуық адам қаза тауып, 120-дан астамы әр түрлі жарақат алған. Көршілес Жәнібек стансасындағы №1584 эвакогоспитальге 66 жаралы апарылып, қалғандары қазіргі Волгоград облысына қарасты Эльтон стансасындағы №4157 госпитальге жеткізілген. Ауыр жарақат салдарынан госпительде жан тапсырған солдат та аз болмады деседі.

м2

1975 жылы осы оқиғалардың куәгері, ауыл тұрғыны Наталья Полякова  дивизияның бомбалауға ұшыраған және қаза тапқан жауынгерлердің жерленген жерін көрсеткен екен. Сөйтіп,1984 жылы дивизия жауынгерлерінің сүйегі Сайқын ауылындағы спорт мектебі жанына қайта жерленіп, 1987 жылы Волгоградта жасатылған үлкен стелла орнатылды. Қара мәрмәр таспен қапталған ескерткіш екі стелладан тұрады, ортасында «Отан соғысы» ордені бар.

Қайта жерлеу кезінде табылған сарбаздардың қолданғангазтұтқышы (противогаз), белбеу бөлшегі, металл қапсырма, электр сымы, екі дана бұрағыш, т.б. заттарымен қатар бірнеше пышақ, оқтар мен патрондар, түрлі жылдары шығарылған бірнеше тиындар біздің музей қорына тапсырып, олар Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы экспозициясынан айшықты орын алды.

 

Жангелді Төлешев,

облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени,

 архитектуралық-этнографиялық

музей қорығы қызметкері

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале