Аудандық Бөкей театры көрермен назарына комедия ұсынды. Бұл аудан театрының екінші қойылымы.
Театр әртістері бұл жолы мүйізі қарағайдай үлкен театрларымыздың репертуарынан түспейтін Сәкен Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдық» музыкалық комедиясын сахналады. Комедияның қоюшы режиссері ауданымыздың «Құрметті азаматы», жерлесіміз Самал Әбуов.
Комедия желісіне тоқтала кетсек, Құмқарағай ауылының мал дәрігері Жұмат (Ерасыл Сәрсенбекұлы) мен ауыл әкімі Ыбырай (Жоламан Сисенғалиев) ойласа келіп, «Айгүл» қыздар ансамблін құру керек деп шешеді. Бас қалада өтетін фестивальда тек қана қыздардан құралған топ басымдыққа ие болар деп үміттенеді. Аядай ауылдан талантты қыздардан топ құрау оңайға түспейді.
Діттеген мақсатқа жету үшін ештеңеден тайынбайды. Жасы біразға кеп қалған аспаз Сабира да (Екатерина Мөкешева), тіпті учаскелік полиция инспекторы Алтынбекке (Алтынбек Айғалиев ) де «қысылғаннан қыз болуына» тура келеді. Оқиға мұнымен тынбайды. Бас кейіпкердің бірі Едіге- Эдиктің (Миллат Насыров) қыз боп киінген Алтынбекке ғашық боп қалуымен ширай түседі. Спектакль қыздар ансамблінің фестиваль жеңімпазы атанып, Түркияға жолдама алуымен аяқталады.
Бұл жолы Бисен ауылдық мәдениет үйінің басшысы Екатерина Мөкешева мүлдем басқа қырынан танылды. Ақынжанды, әдеби-сазды бағдарламалардың ұйымдастырушысы, әрі жүргізушісі, өлкн таоихын әлеуметтік желіге тізген белсенді блогер ретінде танымал Екатерина Жолдығалқызы аспаз рөлінде комедиядан бір шықты. Бас бухгалтер Майраның рөлін сомдаған ұялылық Әйгерім Бекқалиді де алғаш рет көріп тұрмыз.
Әйгерімнің образында да юмор бар, образды ашуға күш салыпты. Бірінші қойылымда Құзарды керемет сомдаған Алтынбек Айғалиев бұл жолы да көрермен ықыласына бөленді.
Жалпы, кәсіби әртістеріміздің өзі де комедиялық рөлді сомдау трагедияда ойнаудан да ауыр деседі. Осы тұрғыдан келсек, сахнаға шыққан әрбір өнерпаз үшін көрерменін күлкіге кенелткен рөлді сахналау оңайға түспегені анық.
Қойылым аяқталғаннан соң аудан әкімі Нұрлыбек Даумов сахнаға көтеріліп, труппаға қалың көрермен атынан ризашылығын білдірді.
- Театр - тәрбие ордасы, рухани азық алар орта. Жергілікті өнерпаздарымыз рөл сомдап, жаңа қырларынан танылып, көрермен қауымға ерекше әсер сыйлады. Көптен күткен жақсы бір кеш болды. Осындай жақсы дүние жалғасты болсын, - деп классикалық туындының туған Деген қойылуына қызмет еткен спектакльдің қоюшы режиссері, ауданымыздың «Құрметті азаматы» Самал Әбуовке алғысхат табыстады. Әртістерге аудан әкімінің ықылас гүлі табысталды.
Көрермен жылы қабылдаған комедия ертең, яғни 27 ақпанда да көрермен назарына ұсынылатын болады.
Ұлпан Жакина
Суретке түсірген Жарқынай Салимова,
Бөкей ауданы