Ауған соғысы – Кеңес Одағы кезіндегі қайғылы тарихи оқиғалардың бірі. Биыл ақпанның 15-і күні Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына 35 жыл толмақ. Осыған орай Бөкей ордасы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті.
Кездесуге өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан интернационалист-жауынгерлер, атап айтқанда Бақытжан Жүнісов, Нағым Баткенов, Елтай Қонақбаев, Асылбек Сүйінішев, Мүслимеден Таубаев және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аслан Бижанов қатысты. Кеш шымылдығын қорғаныс бөлімінің басшысы, майор Мақсот Құрамшин ашты.
- Сіздер өмірлеріңіздің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шақтарыңызды оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралған жауынгерлерсіздер. Сіздердің өлшеусіз ерліктеріңіз бен отансүйгіштіктеріңіз жас ұрпаққа өнеге. Ауданымызда өздеріңіздей батыр ағаларымыздың барын мақтан тұтамыз, - деген майор Мақсот Сүндетұлы өз атынан ардагерлерге алғысхат табыстады. Содан соң Аслан Жұмағалиұлы да ардагерлерге ізгі лебізін білдірді. Тағылымды кездесуде Ауған ардагерлері сол сұрапыл жылдарды еске алып, өзінің өмірлік жолынан, әскерлік өмір жолынан сыр шертті. Ауған батырлары сыр шерткен кездесуде ғибратты әңгімелер мен тәсілімді ойлар айтылды. 35 жыл өткенмен Ауған соғысының жанға да, тәнге де салған ізі Ауған ардагерлерінің жүзінде тұрды.
Кеш соңында келген қонақтармен естелік суретке түсіп, жылы естеліктермен үйлеріне тарқасты.
Ақсәуле Әлжанова,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz