Бөкей ордасы аудандық мәдениет үйінде аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 180 жыл толуына орай «Абай Құнанбаев – ғасырлармен үндескен асыл қазына» атты облыстық конференция өтті.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Данагүл Ғайноллинаның жылы лебіздерімен тұсауы кесілген конференцияға Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебеп ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Ұрқия Жиеналиева, Ақжайық ауданы, Чапаев ауылындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің балалармен жұмыс әдіскері Тұрсынай Сейтжанова, Жаңақала аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Дина Мұқашева бастаған жаңақалалық кітапхана қызметкерлері, ауданымыздың өркендеуіне үлес қосқан еңбек ардагерлері, мекеме басшылары, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.

Ұлы ақын Абай мұраларын заманға сай қайта зерделеп, ұрпақ санасына сіңіруді мақсат еткен конференция барысында аудандық ОКЖ директоры Нүркен Сабыров «Қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы», Ұрқия Жиеналиева «Абай шығармаларын Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық кітапханада насихаттаудың басым бағыттары», М-С.Бабажанов атындағы мектебінің мұғалімі Бұлбұл Құбаева ««Толық адам» концепциясы арқылы оқушы бойындағы ұлттық құндылықтарды қалыптастыру», Жаңақазан ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы Рауана Төлеуғалиева «Толық адам» ілімі мен бүгінгі жастар», аудандық саз мектебінің директоры Айзада Тілепова «Абай әндері – халық жадында» тақырыптарында баяндама жасады.

«Абайдың асыл мұрасы- халықтың рухани азығы» атты байқаудың жүлделі І орын иегері Арнұр Қайролла пен республикалық «Абай оқулары» байқауының жүлдегері Жанерке Сансызбай сияқты жас оқырмандарымыз абыз ақынның жырларын жатқа оқып, шара шырайын аша түсті.

Ал конференция соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков шарадан алған оң әсерімен бөлісті.

Еркебұлан Рахметолла
Бөкей ордасы ауданы